Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Қазақстанның дәстүрлі өнері

Көркем ағаш өңдеу

Ағашты көркем өңдеу қолөнері тек күнделікті тұрмыс-тіршілікте ғана емес, ел тарихының әрбір кезеңіндегі мәдениет пен өнерде маңызды әрі сұранысқа ие сала болды. Түрлі ағаш тұқымдарының қолжетімділігі мен материалды қарапайым құралдармен өңдеу мүмкіндігі шеберлердің мамандықтарға бөлінуіне ықпал етті. Ағаштың органикалық қасиеттеріне байланысты археологиялық жәдігерлер көп сақтала бермейді, тек топырақтың бірегей күйі кездескен жағдайда ғана бізге жетеді. Мәселен, Есік патша қорғанынан (б.з.д. V–IV ғғ.) табылған қайыңнан жасалған көне сақ ыдыстары белгілі: аласа аяқты, сопақша келген жалпақ табақтар мен жону әдісімен жасалған ожаулар. Берел қорымындағы 11-ші қорғанның мұрасы жақсы зерттелген. Мұндағы тоң басу құбылысының арқасында (б.з.д. V–IV ғғ.) ағаш бұйымдар жақсы сақталған: ыдыс-аяқ қалдықтары, ағаш үстел-табақтар және З. Самашев «пазырық дәуіріндегі ерекше Берел ағаш өңдеу орталығы» деп анықтаған көптеген артефактілер. Бұл орталық ежелгі Қазақ Алтайы малшыларының өндірістік қызметіндегі маңызды бағыт ретінде қарастырылады. Қазақстан тарихының өзге де кезеңдеріндегі ағашты көркем өңдеу бұйымдары туралы мәліметтер мен сипаттамалар «Қазақстан өнерінің тарихы» атты І томда (Шкляева, Мұратаев) берілген. Профессор Т.Ф. Габитовтың пікірінше, дәстүрлі қазақ мәдениетінің қалыптасуы XV–XVI ғасырлар тоғысындағы қазақ ұлтының құрылуымен тығыз байланысты. Веб-галерея материалдарында XIX – XX ғасырдың басындағы халық шеберлері – ағаш ұсталарының қолынан шыққан туындылар ұсынылған.

Ағаш материалдары. Қазақстанның бес аймағының (Оңтүстік, Солтүстік, Орталық, Шығыс, Батыс) табиғи-климаттық жағдайлары еліміздің небәрі 5,5% аумағын орман алып жатқанына қарамастан, ағаштың көптеген түрлерінің өсуіне септігін тигізеді. Сәндік бұйымдар жасау үшін ағаш ұсталары құрылымы әдемі (кескенде айқын көрінетін табиғи өрнегі бар), берік және қарапайым құралдармен өңдеуге икемді ағаштарды таңдаған. Қазақстанның Солтүстігі мен Орталығында шеберлер қайың, үйеңкі, шаған, емен сияқты ағаш түрлерімен жұмыс істеген. Шығыс Қазақстанда өсетін балқарағай, қарағай, шырша, қайың ағаштары қолданылған; Батыста – қайың, алма ағашы, ал Оңтүстікте – жаңғақ, алмұрт, алма, арша, қарағаш, сондай-ақ ағаш тәрізді арша (можжевельник) пайдаланылған.

Ағаш мифопоэтикасы. Табиғат бейнелері – аспан, тау, су, ағаш, тас – адамның рухани өміріндегі маңызды нышандар. Қазақ мифологиясы мен фольклорында ағаш бейнесі ең қасиетті фитонимдік символдардың бірі болып табылады және ол Әлем ағашы немесе Өмір ағашы мифологемасында көрініс тапқан. Түркілік космологиялық дәстүрдегі Әлем ағашы немесе Бәйтерек болмыстың үш деңгейін (үстіңгі, ортаңғы және астыңғы) байланыстырушы діңгек болып саналады. Ағаштың басында балалардың жаны мекендейді, оларды екі басты Самұрық құсы қорғайды. Қасиетті қайың – бай қайын – қазақтардың мифологиялық танымында Бәйтерекке қатысты әйелдік бастаудың, тазалық пен адалдықтың символы ретінде қабылданған. Иен далада жалғыз өскен ағаш киелі саналып, оның бұтақтарына шүберек байлап, тілек тілеген. Әулиелердің бейітінде өскен ағаш марқұмның қасиеттілігінің дәлелі ретінде қаралды. Мәселен, Әбілқайыр ханның қабіріне егілген тал «Хан талы» деп аталған. Көшпенділер «ағашты тірі жан иесі ретінде қарастырып, оның қасиеті бұйымдарда да сақталады» деп сенген (Когай).

Өңделген ағаштағы сәндеу тәсілдері. Ағашты көркем өңдеуде әртүрлі сәндеу әдістері қолданылған, атап айтқанда: ағаш ою – жазық бедерлі, үшқырлы оймалы, контурлы, ойық (ажурлы), барельефті, мүсіндік. Ағаш бетін бояумен өрнектеу (роспись) көбінесе бедерлі оюмен ұштастырылып жасалады. Ал жону арқылы жасалған бөлшектер — балясиналар — бедерлі ою мен бояу композицияларында қосымша элемент ретінде қолданылған. Ағаш бұйымдардың сәндік әрлеуіне жиектері қиықшаланып келген әртүрлі сүйек пластиналар ерекше екпін береді. Көбіне бұл пластиналарға ою-өрнек салынып, ойықтардың іші түрлі-түсті бояумен толтырылады немесе оларға өткермелі (ажурлы) ою салынады. Сүйек пластиналарды ағаш бетіне бекітудің екі тәсілі болған. Біріншісі — интарсия мұнда пластинаның пішініне (абрисіне) дәл келетін арнайы орын (ұя) ойылып, сүйек соның ішіне орнатылады. Ол басы дөңес күміс шегелермен бекітіледі. Екіншісі — беттестіру пластиналарды ағаш бетіне тікелей қойып, басы дөңес күміс шегелермен бекіту. Бұл әдіс сүйек пластиналарды өрнек құраушы элемент ретінде пайдалануға, тіпті бірдей бөлшектерден әртүрлі ою-өрнек сарындарын құрастыруға мүмкіндік берген. Торлап ойылған (ажурлы) сүйек пластиналардың астына қызыл немесе көк түсті шұға, кейде металл, фольга сияқты басқа да материалдар төселетін. Беткі жағы сүйек пластиналармен тұтас көмкерілген бұйымдар, әсіресе жиһаздар, ең қымбат әрі құнды дүниелер саналған.

Ұсынылған әдебиет