Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Қазақстанның дәстүрлі өнері

Қазақтың дәстүрлі кесте өнері

Қазақ көшпенділерінің өмірлік кеңістігі сан алуан материалдардан (үй жағдайында дайындалған кенеп, күдері, киіз және зауыттық маталар) жасалған өте көп мөлшердегі кестелі бұйымдарды қамтыды. Бұл бұйымдардың көбіне терең мән мен айрықша мағына берілген.

Кесте өнерінің маңыздылығы халық арасындағы: «Өмірге ұл келсе — ат ұстар, ал қыз келсе — кесте тігер» деген нақыл сөзінде бекітілген. Бұл сөздің мағыналық контексті: егер ұл бала дүниеге келсе — ат бағып, азамат болады, ал қыз бала туылса — кесте тігіп, шебер болады дегенді білдіреді. Көптеген зерттеулерде кестенің үй атмосферасын қалыптастырудағы рөлі атап өтіліп, оның әйел бастауымен тығыз байланыстылығы айтылады. Қазіргі зерттеушілердің пайымдауынша, бұл өнер түрі әлеуметтік жағдайы жақсы, берекелі үймен ассоциацияланады және құнды отбасылық жәдігер болып саналады.

Дәстүрлі қоғамдағы барлық салт-жоралар мен ритуалдардың негізгі ұйымдастырушысы — әйелдер. Көшпенділердің бірқалыпты әрі ырғақты өмірі негізгі үш кезеңнен: туылу, үйлену және өлімнен тұрды. Осыған байланысты, кестелі бұйымдардың, сондай-ақ ою-өрнекпен таңбаланған барлық заттардың функционалдық-салттық және ритуалдық қызметі — фәнилік (профандық) және қасиетті (сакралды) әлемдер арасындағы байланысты орнату болып табылады.

Бұл әлемдердің түйісуі (салт пен ритуал) тек қалаулы мақсаттарға — денсаулыққа, игілікке, береке мен қорғанысқа қол жеткізіп қана қоймайды, сонымен қатар оны дұрыс орындамаған жағдайда адам барлық осы игіліктерден айырылып қалуы да мүмкін. Бұл — сыртқы тылсым күштермен жасалатын өзіндік бір «шарт» іспетті. Тысқары әлеммен байланыстың сәтті болуы ережелерді, яғни салттық талаптар мен тыйымдарды қатаң сақтау арқылы қамтамасыз етілген. Бұл тек кесте тігу процесіне ғана емес, оның өмірлік кезіндегі қолданысына да қатысты. Осыдан келіп кесте өнерінің көпфункционалдылығы туындайды. А.А. Михайлова атап өткендей, зерттеліп отырған контексте кесте — физикалық зұлымдық пен тылсым әлемнің теріс әсерлерінен қорғайтын өзіндік қорғаныс құралы болып табылады [1, 53-б.].

Қазақ қалыңдығының жасауының ең ірі бұйымы, маңызды атрибуты және киіз үй жабдықтарының міндетті элементі — түскиіз (қабырға панносы) болып есептелген. Кейде оны «түс кесте» немесе «түс кілем» деп те атайды. Бізде қалыптасқан дәстүр бойынша «түскиіз» терминін қолданамыз. Мамандар «түскиіз» атауының шығу тегіне байланысты бірнеше нұсқаны алға тартады. Бір нұсқа бойынша, бұл кестелі кілемнің артқы беті алғашқыда киізден жасалғандығымен байланысты. Ал шебер Т. Қапқызы ұсынған тағы бір нұсқа бойынша, түскиіздің этимологиясы «түсіңде ілініп тұр» (яғни, сенің тұсыңда, үстіңде ілулі тұр) деген тіркеспен ұштасады. Дегенмен, қазақ тілінде «түс» ұғымы көпмағыналы болып келеді: ол түсті, сыртқы келбетті, беткі жақты, түс көруді және тал түсті (мезгіл) білдіреді.

Киіз үйдің керегесіне осындай түскиіздер қатарластыра ілініп, олардың саны кейде үштен беске дейін жеткен. Осылайша кестелі бұйымдар киіз үйдің көзге көрінетін бүкіл кеңістігін қамтып, көбіне кіреберіске қарама-қарсы орналасқан төрге жайғастырылған. Әрбір кестенің өзіндік дара сипаты, қайталанбас өрнектік шешімі болған. Мұның бәрі киіз үй ішіне айрықша сән-салтанат пен рухани үйлесім дарытқан. Бұл жөнінде Б.О. Юзефович: кілемдермен қатар, алтын және күміс зермен әдіптелген барқыт пен жібектен тігілген, әсіресе алқызыл түсті бай кестелі жастықтар үй интерьерінің басты сәндік айшығы болғанын атап өтеді. Ғалымның пікірінше: «Ішкі көркем безендірілуі жағынан бай киіз үйлер Еуропадағы шығыстық үлгіде жабдықталған ең сәнді бөлмелермен де тайталаса алады» дейді. [2, 128-б.].

Зерттеушілер түскиіздердің бірнеше түрін ажыратады. Солардың ішінде Н. Нұрпейісованың ғылыми жіктемесі ерекше назар аудартады. Ол Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі қорындағы материалдарға сүйене отырып, түскиіз өрнектерін ою-өрнектік құрылымына қарай төрт негізгі топқа бөледі [3].

Кестеленген тұрмыстық бұйымдардың келесі маңызды тобы – жас жұбайларға арналған төсек-орын жабдықтары мен үйлену рәсіміне қатысты сәндік бұйымдар кешені. Олардың қатарына «жастық қап», «төсек жапқыш», «төсекаяқ» және «шымылдық» жатады. Әсіресе алтын жіппен зерленіп тігілген төсек жабдықтары өрнегінің нәзіктігімен, композициялық үйлесімімен және әшекейлік байлығымен ерекшеленген. Мұндай бұйымдар ауқатты қазақ қалыңдығының жасауындағы міндетті әрі ең бағалы дүниелердің бірі саналған.

Халықтық дүниетанымда жас отауға арналған кестелі тоқыма бұйымдары ерекше киелі әрі магиялық күшке ие деп қабылданған. Сондықтан оларды бөгде адамдарға сыйлауға немесе сатуға қатаң тыйым салынған. Сенім бойынша, мұндай әрекет отбасы бақыты мен берекесінің бұзылуына әкелуі мүмкін деп есептелген. Бұл бұйымдар тек ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде беріліп отырған. Ал жас жұбайлардың алғашқы неке түнінде төсекті міндетті түрде көп балалы, жасы үлкен әйелдің салуы халық арасындағы симпатикалық магия ұғымымен сабақтасқан көне ғұрыптардың бірі болып есептеледі.

Ерлі-зайыптылар төсегінің сәндік кестелері негізінен өсімдік тектес және ағаш бейнелі өрнектердің сан алуан нұсқаларынан құралған. Олардың ішінде үш жапырақты гүл өрнегі, ұшқан дән бейнелері, көп күлтелі гүлдер мен бұта тәрізді композициялар жиі кездеседі. Бұл өрнектерді Әлем ағашы туралы көне мифологиялық түсініктердің және Ұлы Ана культінің реликттік белгілері ретінде қарастыруға болады. Осы тұрғыда кестенің негізгі қызметі оның қорғаушы әрі сакралды сипатында, ұрпақ жалғастығын қамтамасыз ететін магиялық мәнінде деп түсіндіріледі [4, 28-б.].

Қазақстан музейлері қорындағы кестеленген тұрмыстық бұйымдардың тағы бір тобына киіз үй жабдықтары мен үй ішіне арналған сәндік заттар енеді. Олар: «тегеріш» – шаңырақ астын жабатын кестелі жапқыш, «түндік бау», «үзік бау», «туырлық бау», «белдеу бау» – киіз үйді сәндеуге арналған өрнекті баулар, «төсек жапқыш», «жайнамаз», «шымылдық», «дастархан», «сандыққап», «аяқ қап» және «сүлгі». Бұл бұйымдардың барлығы қазақ халқының тұрмыстық мәдениеті мен эстетикалық талғамының жоғары деңгейін танытады.

Дәстүрлі қазақ киімдеріндегі кесте өнері де ерекше бай әрі көркемдік мәнімен дараланады. Кесте иесінің әлеуметтік дәрежесін, жас ерекшелігін, кей жағдайда ру-тайпалық тегін де аңғартқан. Сонымен қатар ол киімнің көркемдік құрылымын толықтырып қана қоймай, оған айрықша салтанаттылық, сәндік әсер және даралық сипат берген маңызды композициялық элемент қызметін атқарған.

Ұсынылған әдебиет