Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері
Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат
Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.
Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.
Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.
Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.
Тәуелсіз Қазақстанның өнері
Қазақстанның заманауи зергерлік өнері
- Бойтұмар салпыншағы бар шашбау (жыртқыш құстың тырнағы), күміс, ақық (сердолик), қондырмалар (тас/шыны), органикалық материал (құс тырнағы); құю, оймыштау, сымкәптеу (скань), түйіршіктеу (зернь), салпыншақты құрастыру. Аавтордың шеберханасы,фото: А. Ибрагимов
- Сәукеле (қалыңдықтың бас киімі), 2013 ж., күміс, алтын жалату, ақық (сердолик), маржан, бұлғын терісі, велюр; қалыптау (штамп), филигрань.Ә. Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық өнер музейі.
- Сырға (Батыс Қазақстан зергерлік дәстүрі), күміс, ақық (сердолик); құю, түйіршіктеу (зернь), оймыштау, қаралау (чернь). Дереккөз: автордың Instagram парақшасы — @jeweller_erbulan.
- «Отбасы» сериясындағы күміс сырғалар, күміс; құю, оймыштау. Дереккөз: автордың Instagram парақшасы — @kazakov_jewelry.
- «Аманат» сериясындағы сырғалар, күміс, маржан, көгілдір ақық (бирюза), құрма сүйегі; аралас техникалар (құрастыру, дәнекерлеу, қолмен өңдеу). Дереккөз: автордың Instagram парақшасы — @ikram_zerger.
- Халцедон және көгілдір ақық (бирюза) қондырылған күміс брошь, күміс, халцедон, көгілдір ақық (бирюза); құю, түйіршіктеу (зернь), сымкәптеу (скань), қаралау (чернь). Дереккөз: автордың Instagram парақшасы — @nurdos_jewellery.
- Қасқыр (арлан) тісі тұмар, күміс, жануар тектес азу тіс, опал; құю, оймыштау, сымкәптеу (скань). Дереккөз: автордың Instagram парақшасы — @jeweller_berik_alibai.
- Салпыншақ (авторлық композиция), металл (күміс/қорытпа), көгілдір ақық (бирюза), түрлі түсті қондырмалар (шыны/смальта), органикалық материалдар; құю, дәнекерлеу, инкрустациялау, құрастыру (mixed media)
- Көгілдір ақық (бирюза) қондырылған салпыншақ, күміс, көгілдір ақық (бирюза); құю, оймыштау, сымкәптеу (скань), түйіршіктеу (зернь)
- Кеуде әшекейлері (өңіржиек), күміс, эмаль, қондырмалар (тастар); құю, оймыштау, эмальдау. Дереккөз: автордың Instagram парақшасы — @serik.rysbekov.
- Тұмар, күміс; қаралау (чернь), құю, оймыштау. Дереккөз: автордың Instagram парақшасы — @silver_yuldabaev.
- «Бес білезік», күміс, алтын; құю, сымкәптеу (скань), түйіршіктеу (зернь), оймыштау, қаралау (чернь), топсалы жалғаулар. Дереккөз: автордың Instagram парақшасы — @nurdos_jewellery.
- «Жайлау» білезігі, күміс; құю, оймыштау, шекімелеу. Дереккөз: автордың Instagram парақшасы — @kazakov_jewelry.
- Білезік, күміс; құю, соғу, оймыштау. Дереккөз: ашық дереккөздер, атрибуциясы нақтылануда.
- Білезіктер, күміс; құю, соғу, оймыштау, қаралау (чернь). Автордың шеберханасы
- Ерлер жүзігі, күміс; скань (бұрама сым), түйіршіктеу (зернь), қаралау (чернь), қолмен құрастыру. Дереккөз: автордың Instagram парақшасы — @amanatjw.
- Көне жүзіктің көшірмесі (Батыс Қазақстан зергерлік дәстүрі), күміс, ақық (сердолик); құю, түйіршіктеу (зернь), сымкәптеу (скань), оймыштау, қаралау (чернь). Дереккөз: автордың Instagram парақшасы — @esengaziev_jewellery.kz.
- «Билік жүзігі», күміс, көгілдір ақық (бирюза), ақық (сердолик); түйіршіктеу (зернь), сымкәптеу (скань), топсалы жалғау. Дереккөз: автордың Instagram парақшасы — @ikram_zerger.
- «Ән салатын бархан» жүзігі, күміс; құю, соғу, оймыштау; қозғалмалы ішкі элемент (қоңырауша). Дереккөз: автордың Instagram парақшасы — @a.tlenbek.
- Ерлер белбеулері, күміс, ақық (сердолик), былғары; сымкәптеу (скань), түйіршіктеу (зернь), қаралау (чернь), бедерлеу. Дереккөз: автордың Instagram парақшасы — @jeweller_berik_alibai.
- Құндыз белбеу, 2022 ж., күміс, ақық (сердолик), көгілдір ақық (бирюза), былғары; сымкәптеу (скань), түйіршіктеу (зернь), қаралау (чернь), бедерлеу. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі.
- Қапсырма, күміс; құю, оймыштау, түйіршіктеу (зернь), қаралау (чернь), топсалы жалғау. Дереккөз: автордың Instagram парақшасы — @jeweller_erbulan.
- Кісе белдік, белдік кешені; былғары, металл (күміс/қорытпа); бедерлеу, құю, оймыштау, құрастыру. Автордың шеберханасы
- Арт-нысандар мен зергерлік әшекейлер, 2023–2025 жж.; металл (соның ішінде жез, күміс), ағаш, полимер материалдары, қондырмалар (түрлі түсті тастар/олардың имитациялары); аралас техникалар (құю, дәнекерлеу, оймыштау, құрастыру, mixed media). Дереккөз: автордың Instagram парақшасы — @serzhankz.
- Арт-нысан, 2015 ж., ағаш, күміс, лазурит, ақық (сердолик); ағаш ою, құю, дәнекерлеу, инкрустациялау. Дереккөз: автордың Instagram парақшасы — @serzhankz.
- «Штандарт» мүсіншесі, күміс, алтын жалату, лазурит, ақық (сердолик), цирконий, жылантас (змеевик); филигрань, аралау, құю, оймыштау (гравировка). Ә. Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық өнер музейі.
- «Құс жолы», пластик, металл, тоқыма (арқан), электрондық компоненттер; құрастыру, инсталляция, mixed media (аралас техника). Kulanshi Art Space заманауи өнер галереясы.
Қазақстанның заманауи зергерлік өнері посткеңестік кезеңде (1990-жылдардың басынан бастап) қалыптасқан, Қазақстанның заманауи зергерлік өнері – көшпелі мәдениет дәстүрлері мен жаһандық contemporary art бағыттарының өзара тоғысқан күрделі әрі көпқабатты көркемдік жүйесі. Зергерлік өнерді тек сәндік және әлеуметтік мәртебені білдіретін қолөнер ретінде қарастыратын классикалық түсініктен айырмашылығы, тәуелсіздік жылдарында зергерлік бұйымның табиғаты жаңаша пайымдалды. Ол енді тек әшекей ғана емес, тұжырымдамалық мазмұнды, мәдени жадты және автордың жеке көркемдік ойын жеткізетін мәдени нысан ретінде қабылданады.
Қазақтың зергерлік дәстүрі тарихи тұрғыдан көшпелі өркениеттің дүниетанымымен сабақтасқан тұрақты рәміздер мен пішіндер жүйесіне негізделген. Күмістен жасалған әшекейлер (шолпы, алқа, бойтұмар, сәукеле) эстетикалық қызметпен қатар, қорғаушы (апотропейлік), әлеуметтік және этномәдени сәйкестендіру қызметтерін де атқарған (Тохтабаева, 2013; Дудин, 2021). Бұл бұйымдардағы ою-өрнек ғарыш, тіршілік циклі және ру-тайпалық бірегейлік туралы түсініктерді бейнелейтін құрылымдық көркем тіл ретінде қалыптасты. Заманауи зергерлік тәжірибеде бұл элементтер жойылып кетпей, этнографиялық сипаттан көркемдік рефлексия кеңістігіне ауысып, жаңа мағынаға ие болуда.
Теориялық тұрғыдан алғанда, заманауи зергерлік өнерді көркем нысанды таңбалар жүйесі ретінде қарастыратын семиотикалық тәсіл арқылы түсіндіруге болады. Ролан Барттың пікірінше, көрнекі бейнелер идеологиялық және символдық кодтарға қанық «мәдениет мәтіндері» ретінде қызмет етеді. Қазақстанның зергерлік өнерінде мұндай семиотикалық мазмұн шеңбер, спираль, өсімдік тектес ою-өрнектер сияқты архетиптік мотивтерді, сондай-ақ дәстүрлі зергерлік пішіндерді қолдану арқылы көрініс табады. Жаңа көркемдік контексте бұл элементтер бұрынғыдан да кең символдық мәнге ие болады.
Заманауи зергерлік өнердің дамуында мәдени гибридтену үдерісі ерекше орын алады. Хоми Бхабха ұсынған cultural hybridity тұжырымдамасы жергілікті дәстүрлер мен жаһандық көркемдік тәжірибелердің өзара ықпалдасуын түсіндіруге мүмкіндік береді. Қазақстандық зергер-суретшілер өз шығармаларында пластик, тоқыма, композиттік материалдар сияқты жаңа материалдарды, лазерлік кесу, 3D-модельдеу секілді заманауи технологияларды және қазіргі дизайн қағидаларын кеңінен қолданады. Сонымен бірге олар ұлттық мәдени кодпен байланысын сақтап қалады. Соның нәтижесінде дәстүрді сол күйінде қайталамай, оны шығармашылық тұрғыдан қайта пайымдайтын ерекше көркемдік ойлау жүйесі қалыптасады.
Зергерлік өнердің антропологиялық қыры да маңызды. Кескіндеме немесе мүсін өнерінен айырмашылығы, зергерлік бұйым адам денесімен тікелей байланыста өмір сүреді. Сондықтан ол денелік репрезентацияның және әлеуметтік коммуникацияның маңызды құрамдас бөлігіне айналады. Материалдық мәдениет теориясы (Miller, 2005) бойынша мұндай заттар жеке тұлғаның болмысы мен ұжымдық мәдени жадтың арасындағы байланысты жүзеге асыратын медиаторлар ретінде қарастырылады. Осы тұрғыдан алғанда, әшекей бұйым эстетикалық құндылықпен қатар, адамның бейнесін, әлеуметтік мәртебесін және мәдени тиесілігін қалыптастыру құралы қызметін де атқарады.
Қазақстанның заманауи зергерлік өнерінде утилитарлық қызметтен тұжырымдамалық сипатқа көшу үрдісі айқын байқалады. Бұл құбылыс оны contemporary jewelry бағытымен жақындастырады. Мұнда зергерлік бұйым дәстүрлі тағылатын әшекей болу міндетінен алыстап, арт-нысан немесе инсталляция сипатына ие болуы мүмкін. Осындай үрдіс қазіргі қазақстандық зергерлердің шығармашылығында да көрініс тауып, зергерлік пішіндер ұлттық бірегейлік, тарихи жады, гендерлік мәселелер және мәдени трансформация тақырыптарын бейнелеудің көркемдік құралы ретінде қолданылады.
Осылайша, Қазақстанның заманауи зергерлік өнері – дәстүр мен жаңашылдықтың, жергілікті және жаһандық мәдениеттердің, материалдық және тұжырымдамалық бастаулардың тоғысында дамып келе жатқан серпінді көркемдік сала. Бұл тұрғыда зергерлік бұйым эстетикалық артефакт, символдық белгі және көркемдік коммуникация құралы қызметтерін бір арнаға тоғыстырған күрделі мәдени нысан ретінде танылады.