Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Қазақстанның дәстүрлі өнері

Отырар-төбе, Құйрықтөбе, Тараз, Талғар және Антоновка қалашықтарынан шыны бұйымдарының көптеген сынықтары мен жергілікті өндірістің айқын айғақтары табылған. Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік-Батыс Қазақстан аумағынан еркін үрлеу немесе қалыпқа құю тәсілімен жасалған шыны бұйымдардың жаппай табылуы X ғасырға жатады. Қараханидтер дәуірінде шыны өндірісі өзінің ең жоғары гүлдену кезеңіне жетсе, XIII–XV ғасырлар шыны бұйымдарын өндіру мен олардың түрлі құрамының біртіндеп қысқару кезеңі ретінде бағаланады.

Зерттеушілер шыны бұйымдарын алты топқа бөледі: олар шаруашылық-тұрмыстық, санитарлық-гигиеналық, парфюмериялық-дәріханалық, химиялық мақсаттағы бұйымдар, сондай-ақ шамдар мен терезе әйнектері. Бұлардан бөлек, көзмоншақты білезіктер, моншақтар мен бисерлер жеке топ ретінде қарастырылады. Бұйымдардың көркемдік безендірілуі ұстамдылығымен әрі қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Түстік гаммасы анағұрлым кең болған: жасыл, көгілдір-жасыл, көкшіл-жасыл, сарғыш-жасыл түстердің түрлі реңктері басым кездессе, қоңыр, көгілдір және қара түстер сирегірек қолданылған. Шыныдағы ою-өрнек үлгілері қыш өнеріндегі сәндік дәстүрлермен өзара үндес келеді.

Ортағасырлық шеберлер әшекейлеудің сан алуан тәсілдерін қолданған. Олардың қатарында шыны жіптерінен ирек және толқынды сызықтар түрінде жасалған өрнектер, жапсырма ширатпалар мен белдеулер, сондай-ақ екі қалыпта айналдыра үрлеу арқылы орындалған «жарқырама» өрнектер бар. Мұндай әдіс нәтижесінде ыдыс қабырғаларында ара ұясы, ромб, шеңбер тәрізді бейнелер, сондай-ақ ойықтар мен бүрмелер пайда болған. Кейбір бұйымдарға түрлі түсті шыны қондырмалар енгізілген. Бұл ортағасырлық шыны үрлеуші шеберлердің бұйым жасау мен безендірудің күрделі технологияларын жетік меңгергендігін дәлелдейді.

Ерте ортағасырлық кезеңде шыны бұйымдары қымбат әрі беделді заттар қатарына жатқызылды. Оларды өндіру жоғары температураны, арнайы шикізатты (кварц құмы, сода, әк) және күрделі технологияларды игерген білікті мамандарды қажет етті. Сондықтан шыны ыдыстар, әшекейлер мен құтылар тек тұрмыстық қажеттілік қана емес, сонымен қатар әлеуметтік мәртебенің де айқын көрсеткіші болды. Шыны бұйымдарының негізгі тұтынушылары ақсүйектер, қала элитасы және ауқатты әлеуметтік топ өкілдері еді.

Ұсынылған әдебиет