Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Тұскиіз, ХХ ғ. К. Маманова

ҚР Мемлекеттік өнер музейінің қоры. 8-тк. Семей облысы. Халық шебері Маманова Күлзия. Барқыт, киіз, мақта, түрлі-түсті жіптер, тамбур тігісі.

Бұйым композициясы П-тәрізді құрылым қағидасы негізінде құрылған. Орталық бөлігі тегіс қызыл барқыттан жасалып, ою-өрнексіз қалдырылған. Бұл шешім айқын түстік кеңістік қалыптастырып, айналасындағы өрнекті белдеулердің сәндік әсерін күшейте түседі.Композиция шетін бойлай ортасына қарай біртіндеп жіңішкеретін бірнеше өрнекті жиектермен қоршалған. Мұндай құрылым қазақ тұскиіздеріне тән ерекшелік болып табылады және бұйымға тереңдік пен салтанаттылық сипат береді.Өрнектік жүйесі өсімдік тектес және стильдендірілген гүл өрнектерінен құралған. Олар үздіксіз ырғақты композиция түзіп, симметриялы түрде қайталана отырып сәндік жолақ қалыптастырады. Ұсақ қайталанатын ою элементтері бұйымға динамикалық ырғақ беріп, оның сәндік қанықтығын арттыра түседі.Бұйымның колориті қанық қызыл фон мен қара, қою қоңыр түсті өрнекті белдеулердің контрастына негізделген. Композиция алтын түстес, сары, қызғылт және ақ реңктермен толықтырылған. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында қызыл түс өміршеңдік, береке мен мерекелік көңіл күйдің символы саналғандықтан, ол тұрғын үйді сәндеуде кеңінен қолданылған.