Күбі
Күбі – қымыз, айран, шұбат пісуге арналған ағаштан жасалған үлкен ыдыс. Қымыз дайындау үшін әзірленген сүт (саумал) қиық конус немесе цилиндр пішінінде жасалған күбіге құйылатын. Күбінің беті қақпақпен жабылады, ал оның ортасындағы ойық арқылы ұзын сапты ағаш піспек өткізіледі. Сүт осы піспектің көмегімен пісіледі. Піспектің жоғарғы басы көбінесе күміс жапсырмалармен әшекейленсе, төменгі жалпақ бөлігі күбінің кеңдігіне сәйкес келеді. Осылайша пісу арқылы емдік қасиеті мол сусын алынады. Биіктігі 80 см болатын күбінің сыйымдылығы шамамен 20–30 литр қымызды құрайды. Кейде күбіні жеке ағаш тіліктерінен (бүйірлерінен) және тұтас түптен құрастырып, сыртынан темір құрсаулармен қаптап жасаған. Ал шаруашылықта мұндай ыдыстың кішірек түрі де қолданылған, оны күршек деп атаған.