Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Адырна

Қазақтың ежелгі ішекті музыкалық аспабы. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі.

Архаикалық музыкалық аспаптарды жасаудың күрделі технологиясы көп ішекті адырна аспабынан айқын көрінеді. Оның тарихы көне түркілердің музыка өнерінен бастау алады. Ағаштан ойылып, беті терімен қапталған аспаптың алғашқы пішіндері садаққа немесе мүйізді аңдардың (бұғы, киік, таутеке т.б.) жинақталған бейнесіне ұқсас болған. Көлемді аспаптың іші қуыс болып келеді, ал ішектері түйе жүнінен немесе сіңірден жасалған. Аспаптың өлшемдері аса үлкен емес: ұзындығы – 48–50 см, қалыңдығы – 8–10 см. Адырнаның 7-ден 13-ке дейін ішегі болады.