Саба
Жеке коллекциядан
Саба — қымыз дайындап, сақтауға арналған үлкен тері ыдыс. Көлемі шамамен 40–60 литрге дейін жететін бұл ыдыс көбіне биенің терісінен жасалған. Саба киіз үй ішінде арнайы баулармен ілініп, қайыс белбеулермен бекітіліп қойылған.Саба жасаудың өзіндік технологиялық ерекшеліктері болған. Ол негізінен бие немесе айғыр терісінен дайындалған. Алдымен тері арнайы әдіспен жұмсартылып, иленген. Шикі тері мұқият тазартылып, оның ет, май және жұқа қабық қалдықтары алынып тасталған. Одан кейін теріні тұзды суға бір күннен үш күнге дейін салып қояды. Бұл үдеріс артық органикалық заттардан арылтып, теріні жұмсартуға мүмкіндік берген. Келесі кезең — илеу, яғни теріні дублеу үдерісі. Қазақ шеберлері бұл үшін айран, сарысу секілді қышқыл сүт өнімдерін, тал мен емен қабығының қайнатпаларын, кей жағдайда малдың бауырын немесе күл ерітіндісін пайдаланған. Тері осындай ерітіндіге бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін салынып, әдісіне қарай өңделген. Соның нәтижесінде тері жұмсақ, иілгіш әрі ұзақ сақтауға төзімді болған. Кейін тері қолмен мұқият созылып, қайта-қайта уқаланып жұмсартылған.Қазақ қоғамында сабаның болуы — үй иесінің ауқаттылығы мен қадір-қасиетінің белгісі саналған. Үйде сабаның болуы қонақжайлықтың, тазалық пен молшылықтың нышаны ретінде қабылданған. Кейбір аймақтарда саба қымызбен бірге түрлі ғұрыптық рәсімдерге де қатысқан. З. Наурызбаева сабаның пішіні мен бөліктерінің атауларын талдай отырып, бұл ыдысты әлемдік тау-ана бейнесімен байланыстырады. Ал сабадағы піспек арқылы қымыз пісіру әрекетін киелі неке мен ғарыштық жаратылыс ұғымдарымен сабақтастырады. Сабаның сыртқы беті көбіне ою-өрнектермен безендірілген. Бұл өрнектердің қорғаныштық, киелі мәні болып, молшылықты, күш-қуатты және өсіп-өнуді бейнелеген. Сабаның тігіс бойларына немесе тұтқа бекітілетін жерлеріне кестелі бау тағылған. Сонымен қатар жібек жіппен кестеленген өрнектер қолданылған.Ауқатты отбасылардың сабалары жезден және күмістен жасалған сәндік бөлшектермен әшекейленген. Сабаға берік былғары қайыстар немесе өрілген арқандар тағылып, олар да шашақтармен, түйіндермен және оюлармен көркемделген. Кейбір қазақ руларында атадан балаға мұра болып берілетін қасиетті сабалар сақталған.