Жарғақ шалбар
РЭМ коллекциясынан
Жарғақ шалбар — қазақтың дәстүрлі ерлер киімінің көне әрі ерекше үлгілерінің бірі. Ол тек тұрмыстық киім қызметін атқарып қана қоймай, ежелгі аңшылар, жауынгерлер, түрлі жарыстар мен әскери сайыстарға қатысушылар қауымына тән мәдени-әлеуметтік белгілердің бірі ретінде танылған. Мұндай шалбарлар Орталық Азия мен Қазақстан аумағында кең таралған.Зерттеушілер бұл киім түрінің шығу төркінін ирандықтардың дәстүрлі кошти атты ғұрыптық күресіне қатысушылардың киімімен байланыстырады. Дәстүрлі дүниетанымда күрес пен жекпе-жек жарық пен қараңғылықтың, жақсылық пен жамандықтың мәңгілік тайталасының символы ретінде түсіндірілген.Жарғақ шалбар көбіне көшпелілер өздері дайындаған жұқа әрі сапалы күдеріден тігілген. Оның түсі дәстүрлі түрде сарғыш-қоңыр, охра реңдес болып келген. Мұндай материал киімге жеңілдік, төзімділік және қозғалысқа ыңғайлылық берген.Қазақтарға тиесілі күдері шалбарлардың бірнеше үлгісі Ресей этнографиялық музейінде (№ 8762-23497/1), Шығыс халықтары мемлекеттік музейінде және Қазақстан музей қорларында сақтаулы. Бұл шалбарлардың екі қапталы розетка тәрізді өрнектермен безендіріліп, әсіресе балақ тұсы ерекше сәнделген.Жарғақ шалбардың сәндік көркемдігі өсімдік тектес және гүл пішіндес оюлармен толықтырылған кестелер арқылы айқындалған. Кестелер қызыл, жасыл, көк және ақ түсті жібек жіптермен тігіліп, киімге айрықша әсемдік пен салтанат берген.