Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Сәукеле

Сәукеле. Қалыңдықтың бас киімі. XIX ғасыр. Барқыт, күміс, алтын жалату, маржан, ақық (сердолик), алтын жіппен кестелеу. Қазақстан Республикасы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қоры.

Сәукеле — зергерлік әшекейлермен безендірілген қалыңдықтың бас киімі.  XIX ғасыр,  Қазақстан

Материалы: барқыт, күміс, алтын жалатпа, маржан, ақық (сердолик).
Техникасы: қалыптау (штамптау), нақыштау (гравировка), бүршіктеу (зернь), алтын жіппен кестелеу.

Бұл бұйым дәстүрлі ғұрыптық-мәртебелік бас әшекейлерінің қатарына жатады. Сәукеле қазақ қалыңдығының үйлену салтанатындағы киім кешенінің негізгі құрамдас бөлігі болып табылады және айқын символдық мәнге ие.

Бұйымның құрылымы жұмсақ тоқыма негізіне (барқытқа) бекітілген биік конус тәрізді бас киімнен тұрады. Оның сыртқы беті толықтай сәндік металл қаптырмалармен және кестемен көмкерілген. Жоғарғы бөлігі күмбез пішінді төбемен аяқталып, ою-өрнекті белдеумен безендірілген. Негізгі бөлігі матамен қапталып, оның үстіне шеткі және орталық аймақтарда металл пластиналар орнатылған. Төменгі жиегі металл элементтерден құралған салпыншақты шашақпен толықтырылған. Бүйір тұсына сәндік бөлшектермен әшекейленген ұзын желек бекітілген.

Композициялық құрылымы тік осьтік қағидаға негізделген. Оның басты ерекшелігі – жоғары қарай созылған пішіннің басымдығы. Декор бірнеше ярустан тұрады: жоғарғы бөлігінде тұйық оюлы белдеу орналасса, ортаңғы бөлігін барқыт негіз құрайды, ал төменгі аймағы салпыншақтармен толықтырылған бай металл әшекейлермен көмкерілген. Сәндік элементтердің орналасу жүйесі мен бұйымның биік пішіні оның тік бағытталған әсерін күшейте түседі.

Сәукеленің өрнектік жүйесі геометриялық және өсімдік тектес оюлардың үйлесімінен құралған. Металл пластиналар қалыптау және нақыштау тәсілдерімен орындалған өрнектермен безендіріліп, олардың арасына маржан мен ақықтан жасалған дөңгелек қондырмалар орнатылған. Бұл қондырмалар бұйымның көркемдік келбетін айқындап, түстік реңк береді. Алтын жіппен кестеленген өрнектер металл әшекейлермен үйлесіп, күрделі фактуралық бет қалыптастырады. Төменгі бөліктегі салпыншақ шашақтар қозғалыс кезінде динамикалық әрі дыбыстық әсер туғызады.

Сәукеле сәндік қызметпен қатар әлеуметтік-өкілдік мән атқарған. Ол қалыңдықтың ғана емес, оның отбасының да әлеуметтік мәртебесін көрсеткен. Қымбат металдар мен тастардың қолданылуы, сондай-ақ көпқабатты құрылымы оның сакралды маңызын айқындап, халықтың қорғау, амандық пен құт-береке туралы дәстүрлі түсініктерімен сабақтасып жатыр.