Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

«Умайдың бейнесі: Сенім – Сенімсіздік». 2015. Аралас техника.

Әбілқайыр Ақмарал

Умай құдайының орталық бейнесі аналық, қорғаушылық және өмір жаратушылық қызметтерімен байланысты архетиптік әйел тәңірі ретінде қарастырылады. Иконографиялық тұрғыдан алғанда, Умайдың келбеті күндік (солярлық) таңба қызметін атқарады. Композициядағы алтын түстің басымдығы образдың жоғары мәртебесін айқындап, трансценденттіліктің әмбебап символы ретінде қабылданатын құдайлық нұр туралы түсініктермен сабақтасады. Кейіпкерді қоршаған көп қолды бейне визуалды ореол құрылымын қалыптастырады. Бұл құрылым бір мезгілде апотропейлік (қорғаушылық) және экспрессивтік қызмет атқарып, образдың сакралды маңызын күшейтеді.Шығарманың семантикалық ұйымдасуы «сенім – сенімсіздік» бинарлық оппозициясына негізделген. Бұл идея алтын және ультрамарин түстерінің контрастылығы арқылы көркем түрде бейнеленген. Осылайша колористикалық құрылым символдық-концептуалдық сипатқа ие болады. Сонымен қатар жазу мәнерінің экспрессивтілігі мен бояу қабаттарының көпқабаттылығы оптикалық діріл әсерін туғызып, қабылдау динамикасын күшейтеді әрі композицияның ішкі эмоционалдық кернеуін айқындай түседі.