Бойтұмар салпыншағы бар шашбау (жыртқыш құстың тырнағы), күміс, ақық (сердолик), қондырмалар (тас/шыны), органикалық материал (құс тырнағы); құю, оймыштау, сымкәптеу (скань), түйіршіктеу (зернь), салпыншақты құрастыру. Аавтордың шеберханасы,фото: А. Ибрагимов
Берік Әлібай
Бұйым шашқа тағылатын дәстүрлі әшекей түріне – шашбауға жатады және оның орталық бөлігінде бойтұмарлық қызмет атқаратын элемент орналасқан. Құрылымы тізбектер арқылы жалғасқан жұп аспалы модульдерден және жыртқыш құстың тырнағымен аяқталатын тік орналасқан орталық элементтен тұрады. Композиция шаш пен желке тұсына тағылуға бейімделгендіктен, ұзынша әрі симметриялы құрылым қалыптасады.Бұйымның пластикалық шешімі сызықтық және центрлік композицияның үйлесіміне негізделген. Бүйір бөліктері ою-өрнекпен безендірілген дөңгелек және тамшы пішінді медальондардан, сондай-ақ асыл тастар қондырылған сәндік элементтерден тұрады. Осы бөліктерден төмен қарай тізбектер мен салпыншақтар түсірілген. Орталық модуль күрделірек пішінімен ерекшеленеді, жоғарғы бөлігі цилиндр тәрізді көлемде орындалып, ақық (сердолик) тастарымен әшекейленген, ал төменгі бөлігі металл қаптамаға бекітілген табиғи жыртқыш құс тырнағымен аяқталады. Композиция тұтастай симметриялы болғанымен, негізгі көркемдік екпін дәл осы орталық элементке түседі.Бұйым сәндік қызметпен қатар қорғаныштық-магиялық қызметті де атқарады. Дәстүрлі қазақ мәдениетінде шашбау тек шашты сәндеуге ғана емес, қозғалыс кезінде өзіне тән әуезді дыбыс шығару арқылы көркемдік әсер қалыптастыруға да арналған. Жыртқыш құстың тырнағы қорғаныш, күш-қуат және оның қасиеттерінің иесіне берілуі туралы көне наным-сенімдермен байланысты. Ал ақық тасы (сердолик) өмірлік қуаттың, төзімділік пен тұрақтылықтың нышаны ретінде символдық мәнге ие.Бұл шығарма Қазақстанның заманауи зергерлік өнеріне тән дәстүрлі пішін мен көне бойтұмарлық тәжірибелердің синтезін айқын көрсетеді. Автор шашбаудың типологиялық ерекшеліктерін сақтай отырып, табиғи элементті енгізу арқылы бұйымның көркемдік әсерін күшейткен. Соның нәтижесінде әшекей тек сәндік зат ретінде ғана емес, мәдени жады мен терең символикалық мағыналарды жеткізуші көркем туынды ретінде қабылданады.