Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

«Классиканың халықпен қоштасуы», 1997

Елена және Виктор Воробьёвтер • Акция

Елена мен Виктор Воробьевтердің «Классиканың халықпен қоштасуы» атты акциясы Қазақстандағы contemporary art бағытының қалыптасуының алғашқы кезеңінде 1997 жылы Алматы қаласында жүзеге асырылып, кейін 1999 жылы заманауи өнердің VI Стамбұл биенналесінде қайта ұсынылды.Өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстан үшін тек қалыптасқан әлеуметтік өмір салтының ыдырау кезеңі ғана емес, сонымен қатар өнердегі классикалық үйлесімділіктің жалғыз дұрыс эстетикалық үлгі ретінде қабылданған түсінігінің түбегейлі өзгерген тарихи бетбұрыс кезеңі болды (classicus – «үлгілі», «классикалық»). Өзгеріске ұшыраған мегаполис өмірінің басты белгілерінің бірі – стихиялық түрде пайда болған базарлардың көбеюі еді.Суретшілердің шығармашылық тұжырымдамасы халыққа бағытталған символдық «үндеу» жасауға негізделді. Олар базар аумағына балауыздан құйылған антикалық мүсіндердің (мысалы, Милос Венерасының) кішірейтілген көшірмелерін шырақ түрінде орналастырды. Ымырт түскен кезде жағылған бұл шамдар қараңғылық қоюланған сайын әлсіз сәуле шашып, түрлі әлеуметтік топтағы көрермендердің көз алдында біртіндеп еріп, сөніп отырды.Метафоралық әрі концептуалдық тұрғыдан бұл көркем акция дәстүрлі эстетикалық құндылықтардың бір дәуірмен бірге кетуін және заманауи өнерде жаңа көркемдік ізденістер мен жаңа шығармашылық кеңістіктің қалыптасуына деген үмітті білдірді. Осылайша, жоба қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер мен мәдени трансформацияларды символдық көркем тіл арқылы бейнелеген contemporary art-тың алғашқы қазақстандық үлгілерінің бірі ретінде бағаланады.

Дереккөз: Art Discourse’97