Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Тәуелсіз Қазақстанның өнері

Contemporary art термині ағылшын тілінен аударғанда «заманауи өнер» деген мағынаны білдіреді және қазіргі кезеңдегі суретшілердің (немесе арт-акционистердің, перформерлердің және басқа да шығармашылық субъектілердің) көркемдік тәжірибелерін қамтиды. Бейнелеу өнерінің дәстүрлі түрлерінен идеясы, көркемдік құралдары мен бейнелеу формалары арқылы ерекшеленетін жаңа көркемдік тәжірибелер ХХ ғасырдың екінші жартысында қалыптасты. Contemporary art жобаларының басты ерекшелігі – олардың қалыптасқан көркемдік канондарға тәуелді болмауы. Бұл бағыттағы шығармалар көрермен үшін арандату, тосын әсер, парадокс немесе ирония тудыруы мүмкін, ал кей жағдайда көрерменнің өзі шығармашылық әрекеттің тікелей қатысушысына айналады. Contemporary art «постмодерндік жағдай» (Ж.-Ф. Лиотар) аясында дамып, саясат, экономика, медиа, гендерлік және экологиялық мәселелерді көркемдік тұрғыдан зерттейді.

Заманауи өнерді зерттеуде ХХ ғасырдың 90-жылдары қазіргі өнердің жай-күйін сипаттау үшін қолданылған «өзекті өнер» (актуалды өнер) терминінің мағынасын түсіну маңызды. Кейінірек бұл ұғым белгілі бір көркемдік әрекеттің мазмұндық және бағалау сипатын білдіретін термин ретінде орнықты. Сонымен қатар заманауи өнерге қатысты ғылыми әдебиеттерде «контемпоральдық стиль» ұғымы да қолданылады.

Қазақстандағы жаңа көркемдік тәжірибелердің бастауын зерттеушілер өткен ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысымен байланыстырады. Бұл кезеңде Шымкент суретшілерінің «Қызыл трактор» шығармашылық тобының қызметі ерекше маңызға ие болды. ХХ ғасырдың 90-жылдары Алматыда қалыптасқан бейресми шығармашылық бірлестіктер мен пәтерлік көрмелер суретшілердің шығармашылық мәселелерді жаңаша пайымдауына және қазіргі өнердің қалыптасуына елеулі ықпал етті.

1997–2010 жылдары қызмет еткен Алматыдағы Сорос Заманауи өнер орталығының (СЗӨО-Алматы, директоры – В. Ибраева) құрылуы Қазақстандағы contemporary art бағытының институционалдық дамуына үлкен серпін берді. Орталық Орталық Азиядағы заманауи өнерді зерттеу мен дамытумен айналысқан бірегей мекеме болды. Ол көркемөнер жоғары оқу орындары мен суретшілерге арналған гранттық бағдарламаларды ұйымдастырды, шетелдік өнертанушылардың дәрістерін өткізді, қазақстандық өнертанушылар мен суретшілерге арналған семинарлар мен практикалық сабақтар ұйымдастырды, ғылыми мақалалар жинақтарын, альбомдар мен кітаптарды жариялады, сондай-ақ ауқымды заманауи өнер жобаларын көрерменге ұсынды.

Осы кезеңде қазақстандық арт-процестің негізгі бағыттары қалыптасты. Көркем жобаларда ұлттық бірегейлік, көшпелі өркениет тарихы, білімді деколонизациялау, сондай-ақ қоғамдағы гендерлік және экологиялық мәселелер кеңінен көрініс тапты. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның заманауи өнері халықаралық деңгейде танылып, тек отандық көрермендерге, өнертанушылар мен кураторларға ғана емес, шетелдік мамандарға да белгілі болған көптеген суретшілер қалыптасты. Олардың қатарында Р. Хальфин, Е. және В. Воробьевтер, С. Маслов, Қ. Ибрагимов, Е. Мельдибеков, М. Нарымбетов, С. Атабеков, А. Менлібаева, С. Сүлейменова, З. Сұлтанбаева, А. Ақмоллаев, А. Угай, Б. Бубиканова, С. Дүсембина, Қ. Базарғалиев, З. Фалькова және басқа да суретшілер бар. Қазіргі уақытта жас буын суретшілері цифрлық ортада белсенді жұмыс істейді. Медиаөнер өкілдері А. Мүсірепов, Р. Әбдірахманов, А. Батыр, М. Базарғалиева және басқалары интерактивті инсталляциялар, видеоарт, аудиовизуалдық перформанстар жасап, генеративті өнердің, жасанды интеллекттің (AI), виртуалды және толықтырылған шынайылықтың (VR/AR) мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып келеді.

Соңғы жылдары суретшілердің назарын Art & Science бағыты ерекше аударуда. Бұл бағыт көркем шығармашылық пен ғылыми зерттеулердің нәтижелерін, әсіресе биоэтика мәселелерін ұштастырады. Қазақстанда осы саладағы маңызды жобалардың қатарында PRO.NRG Fest: FLOW OF SCIENCE жыл сайынғы фестивалі, сондай-ақ Астанадағы Конгресс-орталықта өтетін халықаралық заманауи өнер көрме-жәрмеңкесі бар.

Қазақстандық суретшілер әлемге танымал кураторлардың шақыруымен Стамбұл биенналесі, Венеция биенналесі, «No Mad’s Land» (Берлин), «Trans Forma» (Женева) және басқа да халықаралық көрмелер мен биенналелерге тұрақты қатысады. Олардың арт-жобалары Нью-Йорктегі MoMA Заманауи өнер музейінде, Massachusetts Museum of Contemporary Art (MASS MoCA) және әлемнің көптеген жетекші музейлерінде қойылып келеді. Сонымен қатар қазақстандық суретшілердің шығармалары MoMA, Гуггенхайм музейі, MFA Бейнелеу өнері музейі, Королева София музейі, Жорж Помпиду орталығы және басқа да халықаралық мәдени институттардың қорларына енген.

Қазақстандағы contemporary art тарихы мен дамуын отандық өнертанушылар В. Ибраева, Ю. Сорокина, З. Ержан, Н. Еженова, Д. Шарипова, Х. Труспекова, И. Юферова, Е. Малиновская, Қ. Ли, Е. Резникова, М. Қалиева, Д. Қожахметов, М. Оразғалиева, А. Мүсірепов және басқалар зерттеп келеді. Сонымен қатар философтар А. Наурызбаева, Б. Нұржанов, Ж. Баймұхамедов, Қ. Халықов, сондай-ақ шетелдік зерттеушілер В. Мизиано, А. Фоменко, П. Гамзатова, М. Тлостанова, А. Улько, А. Крюгер қазіргі қазақстандық өнердің теориялық мәселелеріне өз үлестерін қосуда. Бүгінде суретшілер шығармашылығына арналған материалдар Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Esentai Gallery, Aspan Gallery, сондай-ақ Алматыдағы «Целинный» заманауи мәдениет орталығының ресми веб-платформаларында жүйелі түрде жарияланып келеді.

Ұсынылған әдебиет