Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Тәуелсіз Қазақстанның өнері

Көркем тоқыма өнері

Visual studies аясында тоқыма бұйымы тек сәндік-қолданбалы өнердің нысаны ретінде ғана емес, мәдени мағыналарды өндіруге, сақтауға және таратуға қабілетті дербес визуалды медиум ретінде қарастырылады. Біздің пайымдауымызша, қазіргі Қазақстанның көркем тоқыма өнері дәл осындай мәртебеге ие болды. Уильям Дж. Т. Митчеллдің «визуалды бетбұрыс» (pictorial turn) тұжырымдамасына сүйене отырып, қазіргі қазақстандық көркем тоқыма өнерін мәтінмен және тарихи нарративпен қатар қызмет атқаратын бейнелер жүйесі ретінде түсіндіруге болады. Дәстүрлі мотивтер мәдениеттің визуалды дискурсын қалыптастыратын семиотикалық құрылымға айналады. Яғни олар мәдени белгілер (cultural signs) ретінде қызмет атқарып, рулық жад, уақыттың циклділігі және ғарыштық тәртіп туралы идеяларды бейнелейді.

Маңызды теориялық негіздердің бірі – Ян және Алейда Ассман ұсынған «мәдени жады» тұжырымдамасы. Бұл теория бойынша визуалды формалар ұжымдық тәжірибені сақтап, мәдени бірегейліктің сабақтастығын қамтамасыз етеді. Қазіргі қазақтың көркем тоқыма өнерінде бұл қызмет Жерұйық, Бәйтерек, көшпенді бейнесі, аспан тұлпарлары, тұмар және басқа да мифологиялық образдарға жүгіну арқылы көрініс табады. Осылайша тоқыма туындысы архаикалық рәміздер жаңа мағынаға ие болатын жады нысанына (mnemonic object) айналады.

Тоқыма өнерінің материалдылығы да ерекше мәнге ие. Material culture және textile studies теорияларында (Дэниел Миллер, Аннет Вайнер) мата әлеуметтік жады мен тактильдік тәжірибенің тасымалдаушысы ретінде қарастырылады. Қазақстан өнеріндегі киіз, қолмен тоқу, біз кестесі және жүн фактурасы көшпелі өркениет пен дәстүрлі қолөнер мәдениетімен сабақтастықты сақтайды. Фактура, материалдың тығыздығы мен ырғақтық құрылымы арқылы тоқыма тамырластық, қорғаныш және мәдени тұрақтылық идеяларын көрнекі түрде бейнелейді.

Тоқыма өнерінің постколониялық өлшемі де маңызды орын алады. Хоми Бхабханың пайымдауынша, мәдени бірегейлік дәстүрдің үнемі қайта пайымдалатын гибридті кеңістігінде қалыптасады. Қазіргі қазақ тоқыма өнері дәл осындай гибридті эстетиканы көрсетеді, дәстүрлі қолөнер тәжірибелері абстрактілі экспрессионизммен, минимализммен, концептуалды өнермен және contemporary art қағидаларымен үйлеседі. Соның нәтижесінде тоқыма өткенді жай ғана қайта жаңғырту құралы емес, жадыны жаһандық көркемдік кеңістікте өзекті етудің тәсіліне айналады.

Біздің Web Gallery материалдарында ұсынылған әртүрлі шығармалар мысалында қазіргі Қазақстан суретшілерінің дәстүрлі тоқыма техникасын модернизм мен постмодернизм эстетикасымен – абстрактілі композициямен, фрагментарлықпен, экспрессивті түстік жүйемен және деконструкция қағидаларымен белсенді ұштастыратыны байқалады. Бұл үдеріс Розалинд Краусстың өнердің кеңейтілген өрісі (expanded field of art) туралы тұжырымдамасымен үндеседі. Осы тұрғыдан алғанда сәндік, бейнелеу және концептуалды өнер арасындағы шекаралар шартты сипатқа ие болып, көркем тоқыма өнері қазіргі визуалды мәдениеттің маңызды әрі көпқырлы феномені ретінде танылады.

Ұсынылған әдебиет