Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

«Бүркітпен аң аулау», 2014 ж. «Құш-қон» техникасы. Тері, бедерлеу

Жәңгір Үмбетов пен Амангүл Иханова

Бұл техника – қазақтың сәндік-қолданбалы өнері дәстүрлері мен станоктық кескіндеме қағидаларын ұштастырған теріні көркем өңдеудің бірегей авторлық технологиясы. Шығарманы жасау үдерісі толығымен қолмен орындалады және бірнеше кезеңнен тұрады, теріні пішу, оны табиғи және синтетикалық пигменттермен бояу, бедерлеу мен қатпарларды модельдеу арқылы рельефті бет қалыптастыру, сондай-ақ композицияны кейіннен көркемдік тұрғыдан жан-жақты өңдеу.Шығарманың композициялық өзегінде қазақ мәдениетіндегі ең маңызды бейнелердің бірі – бүркітпен аң аулау көрінісі динамикалық түрде бейнеленген. Салт атты мен қалықтап ұшқан бүркіттің шапшаң қозғалысы материалдың күрделі пластикасы арқылы әсерлі жеткізілген. Ырғақты ұйымдастырылған бедерлі сызықтар, толқынды қатпарлар және экспрессивті контурлар қозғалыс қарқынын, желдің екпінін әрі кеңістіктің тереңдігін сезіндіреді. Терінің өзіндік фактурасының арқасында бейне мүсіндік айқындыққа ие болып, көпқабатты көркемдік әсер қалыптастырады.Туындының колористикалық шешімі охра, құм түстес, қоңыр және жасыл реңктердің табиғи үйлесіміне негізделген. Мұндай түстік палитра қазақ даласы мен таулы өңірлердің табиғи ландшафттарын еске түсіріп, шығарманың ұлттық мәдени ортамен байланысын күшейтеді. Табиғи реңктерді қолдану суретшілерге материалдың табиғи болмысын айқындап, адам, жануарлар әлемі және қоршаған табиғаттың үйлесімді бірлігін бейнелейтін тұтас көркем образ жасауға мүмкіндік береді.

Дереккөз: BonArt галереясының ресми сайты: https://bonart.kz