Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Алматыдағы Қазақ КСР Ғылым академиясының ғимараты. Ашық дереккөздерден.

Ғылым академиясының ғимараты (сәулетшілері А. Щусев, Т. Басенов және т.б.) сәулеттік пішіндері, ою-өрнектері мен кеңістіктік композициясы өз дәуірінің идеологиялық және мәдени мағыналарын жеткізетін таңбалар қызметін атқаратын күрделі семиотикалық мәтін ретінде қарастыруға болады. Ғимараттың архитектоникасында екі код үйлесімді тоғысқан: сталиндік ампир коды және ұлттық-мәдени код. Қасбет триумфальды ось қағидаты бойынша ұйымдастырылған, орталық портик негізгі композициялық доминанта ретінде ерекшеленсе, бүйір қанаттары қатаң симметрияға бағындырылған. Бұл жерде Ғылым академиясы көркемдік тұрғыдан «ғылымның қасиетті ордасы» ретінде бейнеленеді.Бағаналы монументалды портик, симметриялы композиция, биік стилобат және айқын тік бағыттылық антикалық және неоклассикалық сәулет дәстүрлеріне сілтеме жасайды. Бұл элементтер биліктің, тәртіптің және мемлекеттік тұрақтылықтың белгілері ретінде қызмет етеді. Бағана кеңестік мемлекеттің құрамындағы ғылыми институттың тірегі мен заңдылығының символы болып табылады. Қасбеттердің, фриздердің, торлардың және интерьерлердің сәндік безендірілуіне енгізілген қазақтың ұлттық ою-өрнегі сәулеттік мәтінге жергілікті мәдени бірегейлікті дарытады. «Қошқар мүйіз» тәрізді ою-өрнек мотивтері көшпелі мәдениеттің, береке-байлықтың және дәстүр сабақтастығының белгісі ретінде көрінеді. Олардың мемлекеттік ғимараттағы қолданылуы ұлттық мәдениеттің кеңестік жаңғырту жобасына кіріктірілгенін білдіреді.