Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Шаршы кілем, ХХ ғ.

ХХ ғасырдың екінші жартысы. Оңтүстік Қазақстан облысы. Жүн жіп, мақта жіптері, түкті тоқу әдісі. Өлшемі: 200 × 300 см. КП 18900 (Алимбай, 61).

Ғылымда орталық алаңының өрнектелу түріне қарай «қалы кілемнің» бірнеше түрі анықталған: «шаршы кілем», «самаурын кілем», «шатыргүл кілем» (немесе «жұлдызгүл кілем»), «гүлкүмбезді кілем» және тағы басқалар (Мұқанов, 1979). «Қалы кілем» композициясының негізгі құрылымдық элементтері болып табылатын бұл орнаменталды мотивтер тек қана оңтүстік өңірлердің, ең алдымен, қазіргі Түркістан және Қызылорда облыстарының кілемдеріне тән.Ұсынылған фотосуретте ромб тәріздес өрнектері бар түкті кілем бейнеленген, осы өрнегіне байланысты ол «шаршы кілем» деген атауға ие болған. Айта кетерлік жайт, мұндағы нақыш тек негізгі фигура — ромб (шаршы) арқылы емес, сонымен қатар сонау андронов керамикасынан бастау алатын ирек (меандр) иірімдері арқылы қалыптасқан. Кілемнің ең шеткі жиегі (бордюрі) С.В. Зотованың жіктемесі бойынша А-түрлі ирек фигуралармен безендірілген (Зотова, 1965).