Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Тұскиіз, ХIХ ғ. Б. Айсаева

ҚР Мемлекеттік өнер музейінің қоры. 184-тк. XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басы. Шығыс Қазақстан. Халық шебері Айсаева Биби. Жібек, киіз, жолбарыс терісі, түрлі-түсті жіптер, тамбур тігісі, алтын кесте.

Бұл бұйымның басты ерекшелігі – композицияда жолбарыс терісінің қолданылуы. Мұндай шешім туындыға айрықша мәртебелік сипат пен символдық мән береді. Композиция көпқабатты жиекті құрылым қағидасы бойынша ұйымдастырылған. Орталық бөлікте көлденең орналастырылған жолбарыс терісі негізгі композициялық акцент ретінде көрінеді. Оның айналасы тоқыма және кесте элементтерінен құралған бірнеше өрнекті белдеулермен қоршалған.Жиектер көлемі мен сәндік сипаты жағынан бір-бірінен ерекшеленеді, сыртқы белдеуде ірілеу өрнек элементтері қолданылса, ішкі белдеулер ұсақ әрі тығыз орналасқан оюлармен безендірілген. Мұндай композициялық құрылым тереңдік әсерін тудырып, бұйымның көркемдік әсерлілігін күшейте түседі. Өрнектік жүйе өсімдік тектес және геометрияланған ою-өрнектерден тұрады. Қайталанып отыратын элементтер ырғақты құрылым қалыптастырып, композицияның көлденең бағыттағы тұтастығын айқындайды.