Шара және ожау
Б. Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейі (Қостанай облысы).
Ағаш ыдыстар тобының ішінде бие сүтінен дайындалатын қасиетті әрі шипалы сусын — қымызға арналған жиынтықтар мен бұйымдар өзінің жасалу тәсілдері және безендірілуімен ерекшеленеді. Оларға: ожау (шөміш), шара немесе тегене (үлкен тостаған), аяқ (кесе), тостаған (кішігірім кесе), саптыаяқ (сабы бар кесе) жатады. Қымыз туралы аңыз-әпсаналар мен әндер айтылып, оған арнап бие алғаш байланған күні атап өтілетін «Қымызмұрындық» атты көне мереке болған.Киіз үйдің өзге де тұрмыстық заттары сияқты, піспек, ожау, шара, аяқ пен тостаған дәстүрлі дүниетанымдық білімді ұрпаққа жеткізуде маңызды семантикалық мәнге ие болды. Ожаудың көмегімен шарадағы қымызды қайта-қайта сапырып, жоғары көтеріп барып ыдысқа қайта құйған. Бұл қымыз сапыру үдерісі түркі мифологиясындағы Әлемнің жаратылу сюжетіне ұқсас: «Хаостан Космостың туу актісі — дүлей күштерді сапырғышпен немесе шөмішпен араластыру, шайқау үдерісі ретінде сипатталады. Бұл — Әлемнің кеңейіп, кеңістік пен уақыт өлшемдеріне ие болуының бастауы» (Львова және т.б. 120).Қасиетті кемелдік пен әрбір жанның Жоғарғы бастауға қатыстылығы концепциясы «бақ-береке тасымалдаушы» нысандар арқылы көрініс тапқан. Мұнда: Ыдыс — құдайлық архетиптік бейне; Ожау — «алтын бақан, ту немесе мифтік тау сияқты ғарыштың орталығын білдіретін нысан» (Львова және т.б. 121); Сүт (ақ) — қасиетті тазалықтың символы (Львова және т.б. 123). Біртұтас ағаш кесегінен ойып жасалған ожаулардың пішіні алуан түрлі болған. Мысалы, кейбір ожаулардың өрілген бұрым іспетті сабы шараның қақпағына орнықты жататындай етіп иілген. Саптағы арнайы бедер (валик) қолдың төмен сырғып кетпеуін қамтамасыз етсе, саптың ұшы ожауды іліп қоюға ыңғайлы ілмекпен аяқталады. Сондай-ақ, егіз ожаулар (қос шөмішті) кездеседі, олардың ширатылған қос сабы бірігіп, қорғаныс тосқауылына және ортақ сапқа айналады. Жону әдісімен жасалған тегенелер металмен әшекейленген: ыдыстың қабырғаларын шытынаудан сақтайтын құрсаулар, тасуға ыңғайлы тұтқалар, жиегіне жүргізілген иректелген көмкермелер мен үстіңгі ернеуіне салынған өрнекті жапсырмалар кездеседі. Мұқият өңделген ағаш бетіне көбіне күміс немесе сүйек инкрустациясы салынған. Отандық және шетелдік мұражайларда сақталған ожау, шара мен тостағандардың бірегей үлгілері ағаш ыдыс жасаумен айналысқан ағаш ұсталарының зор талантын паш етеді.