Сықырлауық
С. Бәшіровтың жеке коллекциясы. • Киіз үй есігі. С. Бәшіровтың жеке коллекциясы • Киіз үй есігі – сықырлауық (ішкі көрінісі)
Сықырлауық – киіз үйдің екі жармалы ағаш есігі. Ол көбінесе ою-өрнекпен, бояумен немесе сүйекпен инкрустацияланып әрленеді, кейде есіктің ішкі және сыртқы беттеріне бір мезетте әртүрлі декор техникалары қолданылады. Есіктің сәндік бейнесін көбіне тікбұрышты филенкалар (жақтаушалар) айқындайды, олар ою-өрнек композициялары үшін өзіндік фондық негіз болып табылады. Есіктің «сықырлауық» деп аталуы оның ашылып-жабылғанда шығаратын дыбысына байланысты. Оны жасау үшін шеберлер емен, қарағай және т.б. ағаш түрлерін пайдаланған. Киіз үй есігіндегі ою-өрнектердің көпмағыналы нышандары исламдық дәстүрлермен қатар, исламға дейінгі тарихи халықтық наным-сенімдерді де (зороастризм, тәңіршілдік және т.б.) бейнелейді. Ең алдымен, есік – ішкі әлемді сыртқы ортадан бөліп тұратын киелі нышан, сондықтан есіктегі өрнектер сиқырлы қорғаныш (тұмарлық) қызметін атқарған. Сықырлауықтың ою-өрнектік композициялары өте алуан түрлі: қарапайым тұтас филенкалардан бастап, жону станогында жасалған балясиналарға (бұрама бағанашалар) дейін кездеседі. Бұл бағанашалар жеке элемент ретінде немесе контурлы, тегіс бедерлі оюмен және бояумен ұштасып, торлы раппорт немесе есік ортасындағы медальон түрінде орналасқан. Өсімдік тектес мотивтер: үш жапырақ, пальметталар, гүл ою нұсқалары; Дөңгелек өрнектер: құйын тәріздес розеткалар; Геометриялық фигуралар: үшбұрыштар мен шеңберлер күрделі дүниетанымдық мағынаға ие болған. Е.А. Масанов Орта Азияның түркі халықтарының ішінде сықырлауықты бояумен әрлеу және сүйекпен безендіру дәстүрі көбіне қазақтарға тән екенін атап өткен (Масанов 39). Есіктерді бояуда қызыл, көк, жасыл және сары түстер жиі қолданылған, олардың әрқайсысының семантикалық мәні болды: Қызыл – күннің, көк – аспанның нышаны, жасыл мен сары – табиғаттың бейнесін білдірген.