Қобыз
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі
Қобыз — ішекті, ысқышты, ежелгі сакральды тегі бар аспап, «оның үні полифониялық (көп дауысты), адам дауысына ұқсас және философиялық толғаныстарға арналған» (Наурзбаева). Оның аңызға айналған жасаушысы ретінде ақын, жырау, күйші әрі алғашқы бақсы Қорқыт ата (шамамен Х–ХІ ғғ.) есептеледі. Қобыз (сондай-ақ қылқобыз, нарқобыз) тұтас ағаштан (өрік, арша, жаңғақ, қайың және т.б.) ойып жасалған. Одан беті ашық, қос тостағанды немесе сопақша шөміш пішінді шанақ, тік немесе иілген мойын — гриф және жалпақ басы қашап шығарылған. Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде (Алматы) қобыздар мен домбыралардың коллекциялары қойылған, олардың ішіндегі ең көнелері әшекейсіз, қарапайым пішінде жасалған.