Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Қамшы

El.kz сайтындағы фотосурет

Қамшы — қазақ халқының дәстүрлі өрме құралы. Ол тек мал айдауға немесе атты басқаруға арналған қарапайым бұйым ғана емес, қазақ мәдениетінде терең символдық және рухани мәнге ие заттардың бірі саналады. Қамшы көбіне иленбеген шикі теріден, әсіресе сиыр немесе түйе терісінен жасалған. Оның бір өрімді және көп өрімді түрлері болады. Қамшы сабы ағаштан жасалып, кейде оюмен, металлмен, күміспен, аң терісімен немесе түрлі моншақтармен сәнделген.Ертеде ірі қараның терісін алдымен айранға салып жібітіп, үстіне тұз себетін болған. Теріні әр екі-үш күн сайын араластырып отырған. Бұл үдеріс шамамен бір айға созылып, нәтижесінде жүн оңай сыпырылып түсетін болған. Одан кейін тері ағаш қалыпта өңделіп, мұқият тегістелген. Кейіннен қамшы өруге арналған қайыстар тілініп дайындалған. Қайыс саны төрт, алты, сегіз немесе он таспалы болып келген.Қазақ қоғамында қамшы ұстау мен қолданудың өзіндік әдебі қалыптасқан. Көшпелі адам киіз үйге кіргенде немесе ат үстінде болмаған кезде қамшыны оң қолына қос бүктеп ұстап жүрген, оны бей-берекет сермеуге болмайтын. Бағыт немесе жол көрсету кезінде қолмен емес, бүктелген қамшымен нұсқаған. Сонымен қатар қамшымен жерді, баланы, үйді немесе киізді ұруға тыйым салынған.Бөтен үйге кірген адам қамшысын қолына ұстамай, ер-тоқымға қалдырып немесе қонышына салып кірген. Ал жастар арасында ерекше әсемделген, шебер өрілген қамшы жігіттің беделі мен мәртебесін көтеретін сәндік белгі ретінде қабылданған.Қамшының қорғаныштық, киелі қызметі де болған. Халық сенімінде қамшы жылқының тері мен терінің иісін сіңіргендіктен, жын-шайтан мен жаман рухтар одан қорқады деп есептелген. Сол себепті қамшыны үйде сақтап, оны тіл-көзден, жаман адамдардан қорғайтын тұмар ретінде қарастырған. Ата-бабаларымыз қамшының тылсым күші бар деп сеніп, оны баланың жастығының астына қойса, барлық пәле-жаладан сақтайды деп түсінген.