Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Сырға

Сырға. XX ғасыр. Оңтүстік Қазақстан. Күміс, маржан, көгілдір ақық (бирюза), ию, ою, бедерлеу. Қазақстан Республикасы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қоры.

Сырға, күрделі құрамды салпыншақты сырға (XX ғасыр, Оңтүстік Қазақстан)

Күрделі құрамды салпыншақты сырға – XX ғасырдағы Оңтүстік Қазақстан зергерлік өнеріне тән дәстүрлі әшекей бұйымдарының бірі. Ол салтанатты жағдайда тағылатын сәндік әшекейлер қатарына жатады және пішінінің айқын динамикасымен ерекшеленеді.

Материалы: күміс, маржан және шыныдан немесе тастан жасалған моншақтар.
Техникасы: ию, бедерлеу (чеканка), ойып өрнектеу.

Бұйымның құрылымы ілмек тәрізді сырға бауына бекітілген көп бөлікті салпыншақ жүйесінен тұрады. Жоғарғы бөлігі ортасында қалқан тәрізді сәндік мотиві бар ажурлы пластина түрінде орындалған. Оның төменгі жағына бірнеше тік бағыттағы салпыншақтар бекітілген. Бұл салпыншақтар моншақтар тізілген металл өзекшелерден құралып, төменгі жағында конус пішінді бөлшектермен аяқталады. Құрылымның барлық элементтері қозғалмалы жалғанғандықтан, бұйымға ерекше серпін береді.

Композициялық шешімі осьтік қағидаға негізделіп, айқын тік бағыттылығымен ерекшеленеді. Жоғарғы ажурлы элемент композицияның негізгі орталығы қызметін атқарады, одан төмен қарай ырғақты ұйымдастырылған салпыншақтар жүйесі дамиды. Цилиндр тәрізді моншақтар мен конус пішінді аяқтамалардың кезектесуі әсерлі ырғақ қалыптастырып, бұйымның көрнекі қозғалысын күшейтеді.

Өрнектік жүйесі геометриялық және стильдендірілген сәндік мотивтердің үйлесуіне негізделген. Орталық қалқан тәрізді элементке ықшам ою-өрнек композициясы түсірілген. Конус тәрізді салпыншақтар қозғалыс кезінде өзіне тән сыңғырлаған дыбыс шығарып, әшекейдің сәндік әсерін арттыра түседі. Күміс негіз бен маржан қондырмаларының контрастық үйлесімі бұйымның салтанатты сипатын айқындайды.

Бұл сырға Оңтүстік Қазақстан зергерлік өнеріне тән күрделі құрылымды, нәзік көркемдік өңдеуді және сәндік пен символдық мазмұнның үйлесімін көрсететін көрнекті үлгілердің бірі болып табылады.