Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Өңіржиек

Өңіржиек. Кеуде әшекейі XIX ғасыр. Батыс Қазақстан. Күміс, алтын жалату, штамптау, шыны. Қазақстан Республикасы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қоры.

Өңіржиек, пластиналы-салпыншақты кеуде әшекейі (XIX ғасыр, Батыс Қазақстан)

Өңіржиек – ғұрыптық-мәртебелік сипаттағы мойын-кеуде әшекейлерінің бірі. Ол әйелдер киімінің құрамына еніп, сәндік қызметпен қатар қорғаныштық мән атқарған.

Бұйымның құрылымы өзара шынжырлы буындар арқылы жалғасқан үш тікбұрышты пластинадан тұратын тік бағыттағы күрделі композицияны құрайды. Жоғарғы пластинасында әшекейді іліп тағуға арналған бекіткіштер орналасқан. Төменгі бөлігі тамшы тәрізді элементтермен аяқталатын салпыншақтар жүйесімен толықтырылған. Байланыстырушы шынжырлар құрылымның еркін қозғалуына мүмкіндік береді.

Композициялық шешімі қатаң осьтік қағидаға негізделіп, айқын вертикаль бағыттылығымен ерекшеленеді. Пластиналар бірінің астына бірі тізбектеле орналасып, созылыңқы құрылым қалыптастырады. Шынжырлардың ырғақты тік сызықтары композицияның тұтастығын күшейтеді. Әрбір пластинаның өзіндік өрнектік орталығы болғанымен, қайталанатын мотивтер мен симметрияның арқасында бұйым біртұтас көркемдік жүйе ретінде қабылданады.

Өрнектік жүйесі геометриялық және стильдендірілген өсімдік тектес мотивтердің үйлесіміне негізделген. Пластиналардың беті сопақша медальондар мен сызықтық-зигзаг тәрізді элементтер енгізілген бедерлі өрнектермен безендірілген. Орталық бөліктердегі шыны қондырмалар композицияға түстік екпін беріп, оның көркемдік орталықтарын айқындай түседі. Алтын жалату тәсілінің қолданылуы күміс негізбен контраст қалыптастырып, бұйымның сәндік әсерін күшейтеді.

Салпыншақ элементтер сәндік қызметпен қатар акустикалық мәнге де ие болып, қозғалыс кезінде өзіне тән сыңғырлаған дыбыс шығарады. Бұл өңіржиек Батыс Қазақстан зергерлік өнеріне тән көпбөлікті құрылымды, бай өрнектік безендіруді және дәстүрлі киім кешеніндегі жоғары мәртебелік мәнді айқын көрсететін көрнекті әшекей үлгілерінің бірі болып табылады.