Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Отау жүзік

Отау жүзігі. XIX–XX ғасырлар. Ақтөбе облысы. Күміс, зернь, бедерлеу, штамптау. Қазақстан Республикасы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қоры.

Жүзік , «отау жүзік» үлгісіндегі жүзік (ірі, күмбезді үстіңгі беті бар)

«Отау жүзік» – дәстүрлі қазақ әйелдерінің мәртебелік және ғұрыптық әшекейлерінің бірі. Бұл жүзік үйлену салтымен және жас отбасының символы саналатын «отау» ұғымымен тығыз байланысты. Бұйым отбасылық береке, тұрақтылық және ұрпақ жалғастығы туралы дәстүрлі түсініктерді бейнелейді.

Бұйымның құрылымы цилиндр тәрізді кең сақинасынан (шинкадан) тұрады. Оның жоғарғы бөлігі жуандатылып, көлемді қалқаншаға ұласады. Қалқанша трапецияға жақын тікбұрышты пішінде орындалып, сақина бетінен айқын көтеріліп тұрады. Қалқанша беті тұтас бүршіктеу (зернь) тәсілімен безендіріліп, бай бедерлі фактура қалыптастырады.

Композициялық шешімі тегіс және қанық өрнектелген бөліктердің қарама-қарсылығына негізделген. Сақина бөлігі геометриялық және иірім тәрізді мотивтердің кезектесуінен құралған фриздік өрнек белдеулерімен безендірілген. Ал қалқанша бұйымның негізгі композициялық өзегі ретінде ерекшеленеді. Оның көлемділігі мен фактуралық қанықтығы жоғарғы бөліктің салмақтылығын және маңыздылығын айқындай түседі.

Өрнектік жүйесі геометриялық және стильдендірілген өсімдік тектес мотивтердің үйлесуіне негізделген. Қалқаншадағы бүршікті өрнек бай мағыналық мазмұнға ие бедерлі бет қалыптастырады. Дәстүрлі түсінік бойынша мұндай пішіндер молшылықты, отбасының беріктігін және қорғанышты білдіреді. Сондықтан «отау жүзік» тек сәндік әшекей ғана емес, сонымен бірге әйелдің отбасылық мәртебесін көрсететін және жас шаңырақтың амандығын меңзейтін символдық бұйым ретінде бағаланған.

Бұл жүзік қазақ зергерлік өнеріндегі ғұрыптық мән мен көркемдік шеберліктің үйлесімін танытатын ерекше үлгілердің бірі болып табылады. Оның көлемді пішіні, бай фактурасы және символдық мазмұны дәстүрлі мәдениеттегі отбасы құндылықтарының көркем көрінісін бейнелейді.