Дастарқан ХХ ғ.
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі.
Дөңгелек пішінді дастархан ашық қоңыр түсті жүн матадан тігілген. Бұйымның беті түрлі-түсті жіптермен орындалған бай кестелі өрнекпен әшекейленген. Композиция орталық симметрия қағидасы бойынша құрылған: дәл ортасында дөңгелек медальон орналасқан, одан өрнектік элементтер бүкіл бетке таралып, үйлесімді әрі теңгерімді сәндік құрылым қалыптастырады.Өрнек қазақтың дәстүрлі халық өнеріне тән мотивтерден тұрады: гүл, шиыршық, шұғыла, үшқұла, ботакөз және төртқұлақ. Бұл оюлар өсімдік тектес және геометриялық формалардың күрделі жүйесін құрап, қазақтың сәндік-қолданбалы өнеріне тән көркемдік ерекшелікті көрсетеді.Түстік шешім қызыл, жасыл және сары реңктердің үйлесіміне негізделген. Бұл түстер ашық қоңыр мата фонымен контраст жасап, өрнектің көркемдік әсерін күшейтеді. Дастарханның жиегі таңқурай түсті және сары жібек жіптерден жасалған шашақтармен көмкерілген, бұл бұйымға толық әрі аяқталған көркемдік бейне береді.