Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Білезік

Білезік. XX ғасыр. Батыс Қазақстан. Күміс, қаралау, штамптау, зернь, скань. Қазақстан Республикасы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қоры.

Білезік, манжет тәрізді білезік (XX ғасыр, Батыс Қазақстан)

Манжет тәрізді білезік – XX ғасырдағы Батыс Қазақстан зергерлік өнеріне тән дәстүрлі қол әшекейлерінің бірі. Ол салтанатты жағдайда тағылатын бұйымдар қатарына жатады және сәндік безендірілуінің молдығымен ерекшеленеді.

Материалы: күміс. Техникасы: қалыптау (штамптау), скань, бүршіктеу (зернь), қаралау (чернь).

Ажурлы және бедерлі элементтердің қараланған фонмен үйлесуі бұйым бетінде күрделі фактура қалыптастырып, өрнектің көркемдік әсерін күшейтеді.

Бұйымның құрылымы толық жабыққа жақын кең пластиналы негізден тұрады. Білезік көлемділігімен және сәндік элементтердің бүкіл бетіне біркелкі орналасуымен ерекшеленеді. Жоғарғы және төменгі жиектері орталық бөлікті қоршап тұрған өрнектік белдеулермен көмкерілген.

Композициялық шешімі фриздік қағидаға негізделіп, орталық медальонның ерекшеленуімен сипатталады. Композицияның дәл ортасында бедерлі розеткамен безендірілген дөңгелек элемент орналасқан. Ол бүкіл көркемдік жүйенің негізгі өзегі қызметін атқарады. Оның екі жағында симметриялы түрде ұйымдастырылған дөңгелек және ромб тәрізді сәндік элементтер орналасқан. Барлық өрнектер бүршікті тізбектер арқылы өзара байланыстырылып, ырғақты торлы құрылым қалыптастырады.

Өрнектік жүйесі өсімдік және геометриялық мотивтердің үйлесуіне негізделген. Орталықтағы розетка стильдендірілген гүл немесе күн белгісі ретінде түсіндіріледі. Бүршіктеу тәсілі бұйым бетіне ұсақ әрі жылтыраған фактура беріп, жарық түскенде ерекше меруерттей әсер туғызады. Скань өрнектері сәндік элементтердің контурларын айқындап, олардың көркемдік мәнерлілігін арттырады. Ашық түсті күміс пен қараланған бөліктердің қарама-қарсылығы композицияның графикалық әсерін күшейтіп, бұйымға ерекше айқындық береді.

Бұл білезік Батыс Қазақстан зергерлік өнеріне тән бай сәндік шешімді, күрделі өрнектік жүйені және жоғары деңгейдегі зергерлік шеберлікті көрсететін дәстүрлі әшекейлердің көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады.