Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

«Сынық мүйіз», 2024 жыл. Бетон, металл, рельефті паста

Нугер Динара

«Сынық мүйіз» (2024) туындысы пластикалық экспериментті, архетиптік символиканы және мәдени жады семиотикасын тоғыстырған көпқабатты көркемдік пайымдау болып табылады. Шығарма таңбалар, материалдар және мәдени кодтар жүйесі арқылы оқылатын ерекше визуалды мәтін ретінде көрінеді.Композициядағы орталық мотив жай ғана сәндік элемент емес, этномәдени жадының тасымалдаушысы қызметін атқаратын маңызды таңба болып табылады. Дәстүрлі қазақ мәдениетінде бұл ою-өрнек өмірлік күштің, береке-бірліктің, ұрпақ сабақтастығының және ғарыштық үйлесімнің символы ретінде қабылданады. Алайда Динара Нүгердің интерпретациясында бұл белгі деконструкцияға ұшырайды: ою өзінің тұтастығын жоғалтып, бөлшектеніп, «сынған» күйге енеді. Осы арқылы суретші дәстүрлі символды тұрақты этникалық код деңгейінен шығарып, оны мәдени жарақат пен бірегейлікті қайта пайымдау кеңістігіне көшіреді.Туынды контексінде «сынған мүйіз» тарихи сабақтастықтың үзілуінің метафорасы ретінде қызмет атқарады. Бұл образ мәдени жадыдағы өзгерістерді, дәстүр мен қазіргі заман арасындағы күрделі қатынастарды және ұлттық болмыстың трансформациясын бейнелейді. Сонымен қатар мұндағы бұзылу немесе бөлшектену толық жойылуды білдірмейді. Керісінше, ол мәдени кодтардың жаңа жағдайда қайта құрылып, жаңа мағынаға ие болу мүмкіндігін меңзейді.Осылайша шығарма мәдени мұраның тұрақтылығы мен өзгергіштігі арасындағы диалектикалық байланысты көрсетіп, ұлттық символдардың қазіргі өнер кеңістігіндегі жаңа интерпретацияларын ұсынады. «Сынық мүйіз» мәдени жадының үздіксіз жаңғыруы мен тарихи сананың қайта қалыптасуы туралы терең философиялық ой қозғайтын көркем туынды ретінде бағаланады.

Фото: А. Ибрагимов