Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

«Сәукеле киген қыз» муралы. Қарағанды қ., Әлихан Бөкейхан ауданы, 19-шағынаудан, 49-үй

Эскиздің авторы – Жұлдыз Жолбарыс. Муралды жүзеге асырған AirG шығармашылық тобының суретшілері – Айдар Мұнайтпасов және Алмаз Әбдіғаликов.

Көпқабатты ғимараттың бүйір қасбетін толық қамтыған монументалды мурал дәстүрлі қазақ қалыңдығының сәукеле киген қыз бейнесі төңірегінде құрылған.Композицияның негізгі акценті кейіпкердің жүзі мен сәукеленің бай сәндік әшекейіне шоғырланған. Мұндай көркемдік шешім бейнеге иконалық сипат беріп, оның маңызын айқындай түседі. Қыз образы мәдени жадының, әйел сұлулығының, нәзіктігі мен қадір-қасиетінің архетиптік көрінісі ретінде қабылданады.Екі мағыналық аймаққа бөлінген композициялық кеңістік визуалды тепе-теңдікке негізделген. Сол жақ бөлікте ұлттық ою-өрнек кеңінен қолданылып, бейненің мәдени контексін қалыптастырады және оны халықтың көркемдік мұрасымен байланыстырады. Ал оң жақ бөлік кеңістік тереңдігін күшейтіп, өзіндік театрлық әсер тудыра отырып, образдың монументалдылығын айшықтай түседі.Мурал дәстүрлі визуалды кодтардың маңыздылығын қазіргі қалалық ортада жаңаша танытатын қоғамдық жадының көркем формасы ретінде қызмет етеді. Ол ұлттық мәдени мұраны дәріптеп қана қоймай, тарихи сабақтастық пен этномәдени бірегейліктің құндылығын насихаттайды. Осылайша шығарма заманауи урбанистік кеңістікте дәстүр мен қазіргі өнердің үйлесімді тоғысуын көрсететін маңызды мәдени нысанға айналады.

Фото: ашық дереккөздерден