Адалбақан
Адалбақандар. С.М. Бәшіровтің жеке коллекциясынан. Фотограф Ж. Кәрімова.
Адалбақан – киім-кешек, ат әбзелдері мен қару-жарақ және т.б. заттарды ілуге арналған, жоғарғы жағы ашалы немесе ілмекті келетін дәстүрлі ағаш тіреу-ілгіш. Адалбақан киіз үйдің оң жақ, яғни ерлер бөлігіне, төсек пен төрдің арасына орналастырылған. Оның бойындағы шеңберлене біткен ілмектер жүйесі ағаш бұтақтарының орналасуын еске түсіреді. Осыған байланысты зерттеушілер адалбақанның символдық бейнесін мифопоэтикалық Әлем ағашы ұғымының семантикалық мәнімен шендестіреді (Тохтабаева 26).Халықтық наным-сенімдерде адалбақанның киіз үйдегі маңызы зор болған. Бұл ілгіш-тіреуіш реттілік пен тәртіп идеясын бейнелеген. Оны пайдалануда қатаң тыйымдар болды. Мәселен, отбасының бақ-берекесі қашпасын деп, адалбақаннан аттауға немесе оны құлатуға рұқсат етілмеген. Адалбақанның пішіні қатаң қалыпқа бағынбаған, кейде олар жону (токарлық) тәсілімен цилиндр, конус немесе жұмыр бедерлер кезектесіп келетіндей етіп жасалса, кейде тегіс пішінді немесе жонылған және тегіс бөліктердің қиюласуынан тұратын түрлері де кездескен. Сондай-ақ, құрама адалбақандар да болған. Киіз үйдің өзге ағаш бұйымдары сияқты, адалбақандар да жиектері қиықшаланған және дөңгелек басты күміс шегелермен бекітілген сүйек пластиналармен, гравюраланған, қарайтылған немесе бедерленген күміс жапсырмалармен әшекейленген. Адалбақанның тегіс пішінді түрлері темір құрсаумен күшейтіліп, ең жоғарғы жағындағы ашасы күмбездік уықты тіреп тұруға арналған. Декор элементтері кезектесіп келетін металл бедерлерден, циркульмен сызылған шеңберлері бар сүйек ромбтардан және шегелердің дөңгелек бастарынан тұрады. С.М. Бәшіровтің коллекциясындағы ағаш адалбақандар өте қызықты: олардың бірінде гравюраланған өрнектер металл пластиналармен толықтырылса, екіншісінде уық тірейтін ашаның астында үш қырлы ойып-қашау әдісімен жасалған құйын тәрізді розетка орналасқан. Оның төменгі жағында түрлі түстермен боялған, ырғақты орналасқан өсімдік тектес гравюралық элементтер бейнеленген.