«Ән салатын бархан» жүзігі, күміс; құю, соғу, оймыштау; қозғалмалы ішкі элемент (қоңырауша). Дереккөз: автордың Instagram парақшасы — @a.tlenbek.
Тленбекова Айжан
Жүзік шығыршықтан, тостаған тәрізді негізден және композицияның басты пластикалық екпініне айналған асимметриялы жоғарғы модульден тұратын күрделі көлемдік құрылымымен ерекшеленеді. Үлкейтілген пішіні бұл әшекейді дәстүрлі сақина үлгісінен шығарып, оны зергерлік өнердегі дербес көркемдік нысан деңгейіне жақындатады.Көркемдік шешім жүзіктің тұйық геометриялық пішіні мен табиғи түзілімді еске түсіретін еркін қалыптастырылған жоғарғы көлемнің қарама-қарсылығына негізделген. Бұйымның беті өсімдік тектес өрнектермен оймышталған. Бір-бірімен сабақтасқан иірімді сызықтар қозғалыс әсерін туғызып, композицияның табиғатпен байланысын айқындай түседі. Көлемді бөліктің ішінде жасырын орналасқан күміс қоңырауша бұйымға дыбыстық ерекшелік беріп, оның көркемдік мазмұнын байытады.«Ән салатын бархан» бейнесі шығарманың негізгі идеялық өзегін құрайды. Дыбыстық элемент әшекейді тек көзбен қабылданатын нысан ғана емес, есту және жанасу арқылы да сезінілетін көркемдік объектіге айналдырады. Осылайша жүзік синестезиялық сипатқа ие болады. Беткі өрнектің оймышталуы құмның қозғалысын, табиғи үдерістерді және адамның қоршаған ортамен үйлесімді байланысы туралы дәстүрлі дүниетанымды бейнелейтін символдық мағынаны күшейтеді.Бұйымның басты ерекшелігі – зергерлік пішіннің құрамына кинетикалық және дыбыстық элементтердің енгізілуінде. Автор классикалық жүзік пішінін тек көзбен тамашалайтын әшекей ретінде емес, пайдаланушының әртүрлі сезім мүшелеріне әсер ететін интерактивті көркемдік нысан ретінде жаңаша пайымдайды. Соның нәтижесінде шығарма дәстүрлі зергерлік өнердің шекарасын кеңейтетін заманауи авторлық зергерлік өнердің (contemporary jewelry) көркемдік ұстанымдарымен табиғи үндестік табады.