Шатыргүл өрнекті кілем ХХ ғ.
ХХ ғасырдың екінші жартысы. Қызылорда облысы. Жүн жіп, түкті тоқу әдісі. Өлшемі: 203 × 303 см. КП 27001. (Каталог, 55).
Ұсынылған кілем төрт ірі «шатыргүл» розеткасымен өрнектелген. Олар көлденең композицияға біріктіріліп, әрқайсысы шамамен бірдей орынды алып тұр. Негізгі розеткалардың арасында кішірек өлшемдегі қосымша геометриялық өрнектер орналасқан, бұл ырғақты қайталану мен визуалды тепе-теңдік әсерін тудырады.Шебер кілемнің дәл орта тұсындағы жоғарғы бөлігіне гүлдеген бұтақта отырған құстардың шынайы бейнелерін орналастырған. Кілемнің жиегі ұсақ, қайталанатын геометриялық мотивтерден — үшбұрыштардан, иректер мен шаршылардан (ромб) тұратын бірнеше қатар жиекпен (бордюрмен) көмкерілген. Олар орталық алаңды қоршап, композицияның біртұтастығын арттыра отырып, «қорғаныс тосқауылы» қызметін атқарады. Айта кетерлік жайт, орталық алаңның шеттерінде жебе тәріздес фигуралар бейнеленген.