Қаршын ХХ ғ. екінші жартысы
ХХ ғасырдың екінші жартысы. Түркістан облысы.Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейі коллекциясы.
«Қаршын — сандыққа жабатын сәндік жапқыш. Бұл жәдігердің безендірілуі орталық өрісі мен жиектері (бордюр) нақты ажыратылған кілемдік принципке негізделген. Орталық өрісті сыңармүйіз және қосмүйіз өрнектерінен құралған төрт ромб тәріздес шаршы гүлді бейнелерді (розеткалар) құрайды. Мүйіз тектес мотивтер композицияға иілімділік пен қарқын берсе, олардың симметриялы орналасуы тұрақтылық сезімін күшейтеді.Дәстүрлі мағыналық жүйеде (семантикада) шаршы (ромб/шаршы) — жерді, реттелген кеңістікті және құт-берекені бейнелейді; қосмүйіз — күш-қуат, молшылық және амандық идеяларымен астасатын ең көне зооморфтық белгілердің бірі; сыңармүйіз сол символды түрлендіре отырып, композицияға ырғақтық икемділік береді.Жиегі итқұйрық және қосмүйіз өрнектерінің үйлесімінен құралған. Итқұйрық өрнегінің иілімді бейнесі орталық өрістің айналасында қорғаныш шекарасын түзе отырып, ою-өрнектің сақтау (тұмарлық) қызметін арттыра түседі».