Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Аяқ қап ХХ ғ.

ҚР Мемлекеттік өнер музейінің қоры. 76-тк. ХХ ғасырдың ортасы. Алматы облысы. Халық шебері Килибаева Саби. Барқыт, шашақ, түрлі-түсті жіптер, тамбур тігісі.

Аяқ қап» – ыдыс-аяқ (көбіне пиала, кесе және басқа да асүй бұйымдарын) сақтауға және алып жүруге арналған дорба. Мұндай бұйымдар көшпелі тұрмыс жағдайындағы киіз үй интерьерінде кеңінен қолданылып, сәндік безендірілуімен ерекшеленген.Бұйым композициясы орталық симметрия қағидасы бойынша құрылған. Негізгі назар композициялық өзек болып табылатын дөңгелек медальон түріндегі орталық сәндік элементке аударылған.Медальон композицияның дәл ортасында орналасып, өсімдік тектес өрнектерден құралған сәндік жиекпен қоршалған. Бұйымның шеткі бөліктерін бойлай барлық элементтерді біртұтас композицияға біріктіретін өрнекті жиек жүргізілген. Жоғарғы бөлігі өрнекті әрі қалың шашақпен көмкерілген үшбұрышты қақпақ түрінде орындалған. Шашақтар бұйымның бүйір жақтары мен төменгі жиегін де қамтып, сәндік әсерді күшейтіп, композицияға қозғалыс пен динамикалық сипат береді.