Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Домбыра

Домбыра — зерттеушілердің пікірінше, өте көне тарихы бар ішекті, шертіп ойналатын аспап. Қазақстан аумағындағы петроглифтер (жартас суреттері) оның прототипі неолит дәуірінде пайда болуы мүмкін екенін айғақтайды. Қобыз сияқты, дәстүрлі домбыралар да ешқандай әшекейсіз, қарапайым пішінде жасалған. Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде сақталған Абай Құнанбайұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Жамбыл Жабаев және басқа да көптеген ұлы музыканттар мен ақын-жазушылардың домбыралары нақ осындай кейіпте. Мүмкін ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қана қобыздар мен домбыралар сүйектен немесе ағаштың өзге де түрлі-түсті тұқымдарынан жасалған ою-өрнекті инкрустациямен (бедерлеп қондыру) безендіріле бастаған.