Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Тостаған. XVIII–XIX ғасырлар. Күлтөбе қалашығы

XVIII–XIX ғғ. Күлтөбе қалашығы.Фото: Е.С. Казизова.

Ұсынылып отырған керамикалық тостаған сырлы қыш дәстүріне жатады және тұрмыстық қызмет пен дамыған сәндік өрнектің үйлесімді бірлігін көрсетеді.Сәндік жүйе белдеулік ұйымдастыру қағидасына негізделген. Негізгі көркемдік екпін ыдыс тұлғасының жоғарғы бөлігіндегі кең өрнекті жолаққа шоғырланған. Осы тұста ырғақты түрде құрылған фриз орналасып, оның элементтері қою түсті (мүмкін марганец негізіндегі) пигментпен орындалған. Өрнектер қайталанып келетін силуэттік бейнелер жүйесін қалыптастырады.Түстік шешімі ашық ангобты фон мен көгілдір-жасыл және қара-қоңыр реңктердегі глазурь астылық кескіндеменің үйлесіміне құрылған. Ыдысты айнала көмкерген көлденең жолақтар композицияның құрылымдық айқындығын күшейтіп, пішін тектоникасын ерекше көрсетеді. Сызықтардың сәл көмескіленуі мен бояу ағымдарының жұмсақтығы өрнекке кесіндемелік әсер беріп, оның көркемдік мәнерін тереңдете түседі.