Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Өңіржиек

Өңіржиек. Кеуде әшекейі XIX ғасыр. Батыс Қазақстан. Күміс, алтын жалату, штамптау, шыны. Қазақстан Республикасы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қоры.

Өңіржиек, пластиналы-салпыншақты кеуде әшекейі (XIX ғасыр, Батыс Қазақстан)

Өңіржиек – ғұрыптық-мәртебелік сипаттағы мойын-кеуде әшекейлерінің бірі. Ол әйелдер киімінің маңызды құрамдас бөлігі болып, сәндік қызметпен қатар қорғаныштық мән атқарған.

Бұйымның құрылымы өзара шынжырлы элементтер арқылы байланыстырылған әртүрлі пішіндегі үш пластинадан тұратын тік бағыттағы күрделі жүйеден құралған. Жоғарғы екі пластина тікбұрышты пішінде орындалса, төменгі бөлігі трапеция тәрізді үшкірлене аяқталады. Барлық элементтер қозғалмалы түрде жалғанғандықтан, құрылым икемділігімен ерекшеленеді. Төменгі бөлігі тамшы тәрізді салпыншақтармен толықтырылған.

Композициялық шешімі қатаң осьтік қағидаға негізделіп, айқын тік бағыттылығымен сипатталады. Пластиналар бірінің астына бірі тізбектеле орналасып, созылыңқы құрылым қалыптастырады. Шынжырлы жалғастырғыштар композицияны ырғақты бөліктерге жіктеп, оның тұтастығын сақтайды. Әр пластинаның орталық аймағы сәндік қондырмалармен ерекшелендіріліп, композициялық негізі қызметін атқарады. Бұл элементтер бұйымның барлық бөліктерін біртұтас көркемдік жүйеге біріктіреді.

Өрнектік жүйесі негізінен геометриялық мотивтерге құрылған. Пластиналардың беті зигзаг және ромб тәрізді элементтер басым келетін бедерлі өрнектермен безендірілген. Түрлі-түсті шыны қондырмалары композицияға контрастық түстік екпін беріп, оның сәндік әсерін күшейтеді. Алтын жалату тәсілі өрнектердің көркемдігін айқындап, күміс негіз аясында ерекше түстік үйлесім қалыптастырады.

Салпыншақ элементтер бұйымның қозғалыс әсерін күшейтіп, қозғалыс кезінде өзіне тән нәзік дыбыстық үн шығарады. Бұл өңіржиек Батыс Қазақстан зергерлік өнеріне тән айқын композициялық құрылымды, ырғақты ұйымдастыруды және терең символикалық мазмұнды көрсететін дәстүрлі әшекейлердің көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады.