Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Білезік

Білезік. XIX ғасыр. Батыс Қазақстан. Күміс, шыны, алтын жалату, штамптау. Қазақстан Республикасы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қоры.

Білезік, манжет тәрізді білезік (XIX ғасыр, Батыс Қазақстан)

Манжет тәрізді білезік – XIX ғасырдағы қазақ зергерлік өнеріне тән дәстүрлі қол әшекейлерінің бірі. Ол салтанатты жағдайда тағылатын бұйымдар қатарына жатады және әйелдер киім кешенінде мәртебелік әрі сәндік қызмет атқарған.

Материалы: күміс, алтын жалату, түрлі-түсті шыны. Техникасы: қалыптау (штамптау), бедерлеу (чеканка), бүршіктеу (зернь).

Алтын жалату тәсілінің қолданылуы өрнектік элементтер мен негізгі фон арасындағы контрастты күшейтіп, бұйымның көркемдік әсерін арттырады.

Бұйымның құрылымы кең ашық манжет тәрізді білезіктен тұрады. Оның негізі қалың пластина түрінде орындалған. Шеткі бөліктері сәл жуандатылып, жұмырланған пішінге келтірілген, бұл білезікті тағуға ыңғайлылық береді. Негізгі көркемдік және көлемдік екпін орталық аймақта шоғырланған.

Композициялық шешімі фриздік қағидаға негізделіп, беткі кеңістіктің айқын аймақтарға бөлінуімен ерекшеленеді. Орталық бөлікті түрлі-түсті шыны қондырмалары бар ірі сопақша медальондардың кезектесуінен құралған өрнекті белдеу алып жатыр. Медальондар тісті сәуле тәрізді элементтермен қоршалып, күн шапағына ұқсас әсер береді. Олардың арасын геометриялық байланыстырғыш өрнектер толықтырып, композицияның ырғақты құрылымын қалыптастырады.

Өрнектік жүйесі геометриялық және солярлық мотивтердің үйлесіміне негізделген. Шыны қондырмаларды қоршаған сәуле тәрізді элементтер дәстүрлі дүниетанымдағы күн бейнесінің стильдендірілген көрінісі ретінде түсіндіріледі. Білезік беті қосымша ұсақ бүршікті өрнектермен байытылып, оның фактуралық әсерін күшейтеді. Алтын жалатылған және күміс бөліктердің қарама-қарсылығы, сондай-ақ түрлі-түсті қондырмалардың қолданылуы бұйымның көркемдік әсерін арттырып, әсерлі сәндік бейне қалыптастырады.

Бұл білезік Батыс Қазақстан зергерлік өнеріне тән бай өрнектік жүйені, күрделі сәндік шешімді және жоғары көркемдік шеберлікті көрсететін дәстүрлі әшекейлердің көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады.