Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Жүзік

Жүзік. XIX–XX ғасырлар. Батыс Қазақстан. Күміс, ақық (сердолик), зернь, штамптау, бедерлеу, нақыштау, скань. Қазақстан Республикасы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қоры.

Жүзік, Сопақ бетті және төртқұлақ (айқыш) композициялы жүзік

Бұл жүзік мәртебелік және қорғаныштық мәнге ие дәстүрлі әйел әшекейлерінің қатарына жатады. Оның көркемдік құрылымында сәндік жүйе мен символдық мазмұн өзара тығыз байланыста көрініс тапқан.

Бұйымның құрылымы жоғарғы бөлігінде кеңейетін көлемді сақинасынан (шинкадан) басталып, ірі сопақша қалқаншаға ұласады. Қалқанша негізгі бөліктен көтеріңкі орналасқан және бүршікті өрнекпен көмкерілген бедерлі жиекпен қоршалған. Орталық бөлігінде арнайы қаптамаға орнатылған ақық (сердолик) тас орналасқан. Оның беті жапсырма сәндік элементтер арқылы төрт секторға бөлінген.

Композициялық шешімі осьтік және айқыш тәрізді қағидаларға негізделген. Орталық өріс бірдей ұзындықтағы айқыш пішінінде ұйымдастырылып, филигрань тәсілімен орындалған жапсырма бөліктер арқылы қалыптастырылған. Тік және көлденең осьтердің қиылысу нүктесі қосымша бүршікті сәндік элементпен ерекшеленіп, композициялық орталықтың маңызын күшейтеді. Айқыштың төрт секторына түйіршік тәрізді сәндік топтар орналастырылып, ырғақты симметрия қалыптастырады.

Өрнектік жүйесі геометриялық құрылым мен бүршіктеу (зернь) тәсілінің үйлесуіне негізделген. Айқыш тәрізді мотив дәстүрлі мәдениетте қорғау, тәртіп және кеңістіктің үйлесімді ұйымдасуы туралы түсініктермен байланысты тұрақты символдық мағынаға ие. Ақық тастың қолданылуы бұйымның семантикалық мазмұнын тереңдете түседі, өйткені халықтық түсінік бойынша ол өмірлік қуаттың, амандық пен қорғаныштың белгісі саналған.

Бұл жүзік Батыс Қазақстан зергерлік мектебіне тән композициялық айқындықты, сәндік құрылымның дәл ұйымдастырылуын және беткі өрнектің бай фактуралық өңделуін көрсететін көрнекті үлгілердің бірі болып табылады.