Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

«Байқоңыр–2», 2024

Сергей Маслов • «Жерұйық: көкжиектің ар жағындағы көзқарас» көрмесіндегі инсталляция. 60-шы Венеция биенналесі

Сергей Масловтың (1948–2002) «Байқоңыр-2» инсталляциясы, оның 2002 жылғы жобасының эскиздері негізінде қайта қалпына келтіріліп, 2024 жылы өткен 60-шы Венеция биенналесінде Қазақстанның Ұлттық павильонында ұсынылды. ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бүгінгі күнге дейінгі қазақстандық суретшілер шығармашылығын қамтыған көрменің тұжырымдамасы «модернизмнен жаңа медиаға дейін» идеясына негізделіп, «Жерұйық: көкжиектің ар жағындағы көзқарас» (Jeruyiq: Beyond the Horizon) атауымен утопиялық әлемді – арман, қиял және елес кеңістігін бейнелеуге арналды.Сергей Масловтың футуристік жобасы 1990-жылдары дүниеге келген. Мифологиялық дүниетанымға сүйенген суретші өз туындысында мәтін, компьютерлік графика және инсталляция сияқты концептуалдық өнердің әртүрлі формаларын біріктіре отырып, қазақтарды «ғарыштық көшпенділер» ретінде сипаттайды. Автордың пайымдауынша, олар «екі мың жыл бұрын Сириус жұлдызынан келген». Осылайша, Маслов көшпелі мәдениетті ғылыми фантастика мен мифологиялық ойлаумен ұштастыратын өзіндік көркемдік концепция ұсынады.Өнертанушы В. Ибраеваның жазуынша, суретшінің «Мираж» жобасы 2002 жылы Берлинде өткен «No Mad’s Land» халықаралық көрмесіне қатысқан. Бұл көрмеде Маслов сыртқы пішіні шартты түрде зымыранға ұқсас етіп өзгертілген қазақ киіз үйі түріндегі инсталляцияны ұсынды. Оның утопиялық көзқарасында қазақтың дәстүрлі киіз үйі қажет болған жағдайда «жаңғырту арқылы кез келген уақытта заманауи ұшу аппаратын жасауға болатын бүркемеленген зымыран» ретінде түсіндіріледі.Инсталляцияның ішінде мәтінді толықтыратын компьютерлік графика көрсетілетін монитор орналастырылған. Масловтың «ақиқатқа негізделген тарихы» ғарыштық саяхатшылардың басынан өткен түрлі қауіп-қатерлер мен оқиғаларды баяндайды. Осы арқылы суретші көшпелі өркениеттің мәдени мұрасын футуристік көзқараспен қайта пайымдап, миф, технология және заманауи өнерді біртұтас көркемдік кеңістікте тоғыстырады.

Дереккөз: Фото авторы – Иларий Заго. Фотосуретті А. Мүсірепов өзінің мақаласына ұсынған: А. Мүсірепов. «Ғылым және миф: Web 3.0 дәуіріндегі индигенді өнер» // Көркем журнал (ХЖ). № 128. 2025. «Байқоңыр–2» әңгімесіне арналған цифрлық иллюстрация

Дереккөз: Astral Nomads платформасы: https://astralnomads.net/