Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

«Самұрық». 2010 ж

Зейнельхан Ботагоз

Ұсынылған шығарма XXI ғасыр басындағы өнерге тән дәстүрлі көркемдік тәжірибелер мен символдық жүйелердің трансформациялану үдерісін айқын көрсетеді. Туындының негізінде тарихи тұрғыдан қазақ өнерімен байланысты болып, негізінен тұрмыстық тоқыма бұйымдарын ою-өрнекпен безендіруде қолданылған біз кестесі техникасының жаңаша пайымдауы жатыр. Бұл шығармада аталған техника сәндік-қолданбалы қызмет аясынан шығып, күрделі абстрактілі композициялық құрылымдарды қалыптастыруға қабілетті дербес көркемдік тіл деңгейіне көтеріледі.Шығарманың негізгі мағыналық өзегі – Самұрық бейнесі. Қазақ мифологиясындағы бұл қасиетті құс қайта жаңғырудың, болмыстың циклділігінің және әртүрлі әлемдерді байланыстыратын дәнекердің символы ретінде танылады. Алайда бұл интерпретацияда мифологиялық бейненің көркемдік деконструкциясы жүзеге асады, Самұрық нақты фигуралық түрде бейнеленбейді, керісінше динамикалық сызықтар, түстік дақтар мен ырғақты құрылымдар жүйесіне сіңісіп кетеді. Соның нәтижесінде ол баяндаушылық сипаттағы символдан абстрактілі визуалдылық кеңістігіндегі көркемдік бейнеге айналады.

Дереккөз: Т. Ж. Тоқтабаева. «Зейналхан мен Ботакөз Мұхамеджанның таңбалық кесте өнеріндегі этномодернизм». – Алматы: «LA GR CE» ЖШС, 2020