«Құс жолы», пластик, металл, тоқыма (арқан), электрондық компоненттер; құрастыру, инсталляция, mixed media (аралас техника). Kulanshi Art Space заманауи өнер галереясы.
Кужанбаев Табиғат
«Құс жолы» атты инсталляциялық нысан қабырға кеңістігіне кіріктірілген ірі дөңгелек композиция түрінде орындалған. Шығарманың негізін қара түсті ішкі алаңы бар көлемді сақина тәрізді корпус құрайды. Ол композицияның басты көркемдік орталығын қалыптастырады. Құрылымның ішінде түрлі түсті элементтер электрондық бөлшектер мен сымдар арқылы өзара байланыстырылып, біртұтас жүйе түзген.Композиция концентрлік қағида бойынша ұйымдастырылып, ғарыш кеңістігінің шартты моделін еске түсіреді. Сыртқы шеңбер нысанның композициялық шекарасын белгілесе, ішкі бөлігі орталық электрондық модульдің айналасында құрылған. Осы модульден таралған сымдар шеткі элементтерді өзара байланыстырып, тұтас құрылым қалыптастырады. Пластик, металл, тоқыма материалдары және mixed media тәсілдерінің қолданылуы күрделі фактуралық орта жасайды. Мұнда технологиялық бөлшектер жұмсақ тоқыма салпыншақтармен үйлесіп, көркемдік тұтастыққа қол жеткізеді. Төменгі бөліктегі арқан тәрізді элементтер композицияның тік бағытын күшейтіп, оған қозғалыс пен ағымдылық әсерін береді.Шығарманың көркемдік-бейнелік жүйесі ғарыштың шексіздігі, қозғалысы және әлем құрылысы туралы космологиялық түсініктермен байланысты. Шеңбер тұтастық пен үздіксіздіктің символы ретінде қабылданса, түрлі түсті элементтер жұлдыздар мен олардың орбиталық жүйелерін меңзейді. «Құс жолы» атауы композицияны ғарышты метафоралық тұрғыдан пайымдау кеңістігіне енгізеді. Ал электрондық компоненттер мен сымдардың қолданылуы технологиялық орта, табиғи және жасанды әлемдердің өзара байланысы туралы идеяны алға шығарады.Шығарманың басты ерекшелігі – зергерлік өнердің дәстүрлі шекарасын түбегейлі кеңейтуінде. Бұл туындыда тағылатын әшекейдің қызметі жойылғанымен, зергерлік өнерге тән композициялық центрлік, бөлшектердің мұқият өңделуі және материалдың көркемдік мәнерлілігі сақталған. Соның нәтижесінде инсталляция зергерлік өнердің көркемдік қағидаларын кеңістік өнерімен ұштастырған заманауи авторлық туынды ретінде қабылданады.