Қолөнершінің тұрғын үйі. XVII–XVIII ғасырлар
XVII–XVIII ғасырлардағы қолөнерші үйі. Күлтөбе қалашығы, Түркістан облысы
Бұл тұрғын үй кеш ортағасырлық Қазақстандағы қалалық мәдениет пен дәстүрлі тұрғын үй құрылысының маңызды ескерткіштерінің бірі болып табылады. Осындай үйлердің сәулеті қолөнерші тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін, өндірістік қызметпен тығыз байланысқан шығыс қаласының өмір салтын айқын көрсетеді. Үйдің жоспарлық құрылымы ұтымдылығы және функционалдық ұйымдастырылуымен ерекшеленеді. Әдетте мұндай тұрғын үйлер тұрғын бөлмелерден, шаруашылық аймақтарынан және шеберханадан тұрып, барлығы ішкі аула төңірегіне топтастырылған. Кеңістікті осылай ұйымдастыру сыртқы ортадан оқшаулануды қамтамасыз етіп, отбасының тұрмысы мен кәсіби қызметіне қолайлы жағдай туғызған. Ішкі аула композициялық орталық қызметін атқарып, отбасының күнделікті тіршілігі осы кеңістік төңірегінде өрбіген.Үйдің басты бөлігіне ошақ немесе тандыр орналасқан. Ол тек жылу көзі ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйдің киелі орталығы ретінде қабылданған. Қабырғадағы қуыстар тұрмыстық бұйымдарды сақтауға пайдаланылып, сонымен бірге интерьер кеңістігінің ырғақтық құрылымын қалыптастырған.Сәулеттік пішіндердің қарапайымдылығы тұрмысты ұтымды ұйымдастырумен және күнделікті өмір эстетикасымен үйлесім тапқан.