Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Дорба ХХ ғ.

Өндірілген орны белгісіз. Түкті тоқу әдісі. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейі коллекциясы.

Дорба — ыдыс-аяқ сақтауға және тасымалдауға арналған дәстүрлі қап. Бұйымның бет жағы айшық өрнегімен безендірілген, оның айналасына шебер кең жиек ретінде қос мүйіз мотивін орналастырған. Жиектің шеттері бойымен алақұрт оюы өтіп, композицияға қосымша ырғақтық мәнер береді.Бұйымның бүкіл жиегі түрлі-түсті жіптерден жасалған шашақтармен аяқталатын, қызыл түсті торлы жиек түрінде бізбен тоқылған. Бұл әдіс бұйымның сәнділігін арттырып, пішіннің тұтастығы мен аяқталғандығын көрсетеді. Дорбаның ою-өрнектік шешімі мүйіз тектес және ирек мотивтердің қорғаныш символикасын қанық түсті акценттермен үйлестіре отырып, заттың тұрмыстық мақсатын да, көркемдік құндылығын да айшықтай түседі.