Асадал
Ақтөбе облысы. • Асадал. XIX ғ. Қарағанды облысы. 103х64,5х47. Өрнекті сүйек пластиналарымен инкрустацияланған (бедерлеп қондырылған). Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі.
Асадал – ыдыс-аяқ пен тағамдарды сақтауға арналған шкаф. Бұйымның атауы «ас» және «адал» деген екі сөзден құралып, «таза, қасиетті ас» деген мағынаны береді. Халықтық сенім бойынша, түнде ішіне жын-шайтан тимеуі үшін мұнда тек таза ыдыстар мен тағамдар қойылған. Киіз үйдің ішінде асадал сол жақ бөлікке, яғни асүй аймағына орналастырылады.Асадалдарға тән ортақ белгі – олардың төрт қысқа әрі орнықты аяғының болуы. Зерттеушілер шеберлердің асадалды бір жармалы немесе екі жармалы етіп жасағанын, кейде оларды жылжымалы суырмалы жәшіктермен толықтырғанын атап өткен. Шкафтың есіктері кілем өрнегінің құрылымына ұқсас, ортасында айқын розеткалары (тікбұрыш, ромб, шеңбер т.б.) мен жиектемелері бар бедерлі немесе түрлі-түсті өрнектермен безендірілген. Көбінесе есіктердегі тегіс бедерлі ою өсімдік және геометриялық мотивтерді ұштастырып, оған қосымша түрлі-түсті бояу мен сүйек пластиналар қолданылған. Бұл жалпы декорға ерекше композициялық үндестік (полифония) береді.Бұған мысал ретінде Е.А. Масановтың ХХ ғасырдың ортасындағы зерттеу экспедициясы кезінде көрген ыдыс шкафын айтуға болады. Шкафтың сол және оң жармаларындағы үш жапырақ пен гүл ою мотивтерінің симметриялық бөліктері сырмақтың параллель сыру тәсілдерін еске түсіретін шаршының жартысына ұқсас түзу сызықтармен астасып, әдемі контраст түзеді (Марғұлан 34). Орталық композиция ислими мотивімен әшекейленген көлденең жиектермен аяқталады.Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі қорындағы асадалдың алдыңғы беті де ерекше қызығушылық тудырады. Шебер сүйек пластиналарды есіктер мен оның айналасындағы кең жақтауларды безендіру үшін пайдаланып, ерекше көмкерме жасаған. Пластиналардың ішіндегі ойылған өрнектер «таға» тәрізді элементтерден тұрады. Есіктердің жиектері мен төменгі үшбұрышты жапсырмаларына гравюраланған үшбұрыштар тізбегі салынған. Беті толығымен өрнекті сүйек пластиналармен қапталған жиһаздар ең қымбат бұйымдар саналған.