Керамикалық табақ. XVIII–XIX ғасырлар. Күлтөбе қалашығы
XVIII–XIX ғғ. Күлтөбе қалашығы.Фото: Е.С. Казизова.
XVIII–XIX ғасырларға жататын керамикалық табақ дәстүрлі сырлы керамика өнерінің көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады. Бұйымның диаметрі — 35 см, биіктігі — 6 см.Сәндік шешімі лимон-сары жылтыр мен екі түсті — жасыл және қоңыр-марганец реңктеріндегі өрнектің үйлесіміне негізделген. Композиция концентрлік қағида бойынша құрылған: орталық бөлік ірі, еркін бейнеленген өсімдік тектес символдық өрнекпен айшықталған. Оның айналасына ырғақты түрде қайталанатын элементтерден құралған оюлы белдеулер орналасқан. Мұнда штрихтар, үшбұрыштар, ирек және толқынды сызықтар кеңінен қолданылып, геометриялық және өсімдік өрнектерінің синтезін көрсетеді.Бұйымның басты ерекшеліктерінің бірі — орындалу мәнерінің кескіндемелік сипаты. Сызықтардың еркін ағымы, глазурьдің жергілікті ақпа іздері мен қылқалам бедерінің құбылмалылығы композицияға ерекше көркемдік әсер береді.Сары түстің басымдығы тек сәндік қызмет атқарып қана қоймай, символикалық мәнге де ие. Сопылық дүниетаным аясында бұл түс жарық ұғымымен және рухани кемелдену жолымен сабақтастырылады.