Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Шолпы

Шолпы. Шаш әшекейі. XIX ғасыр. Солтүстік Қазақстан. Күміс, ақық (сердолик), өру, ширату, теңгелер, нақыштау. Қазақстан Республикасы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қоры.

Шолпы — бұрымға тағылатын салпыншақты әшекей
(XIX ғасыр, Солтүстік Қазақстан)

Шолпы – бұрымға өріліп тағылатын дәстүрлі шаш әшекейі. Ол сәндік қызметпен қатар қорғаныштық-ырымдық мән атқарған. Бұл үлгі ықшам құрылымымен және сәндік элементтердің айқын иерархиялық ұйымдастырылуымен ерекшеленеді.

Бұйымның құрылымы бекіту сақиналары орнатылған жоғарғы көлденең пластинадан тұрады. Одан орталық бөлікте тас қондырмасы бар үшбұрыш пішінді сәндік элемент салбырата бекітілген. Төменгі бөлігі шынжырлы буындар мен дөңгелек дискі тәрізді бөлшектерден құралған салпыншақтар жүйесімен толықтырылған. Барлық элементтер топсалы тәсілмен жалғанғандықтан, құрылымның еркін қозғалуына мүмкіндік береді.

Композициялық шешімі вертикаль-осьтік қағидаға негізделген және екі негізгі аймаққа бөлінеді: жоғарғы бөлік – пластина, төменгі бөлік – салпыншақтар жүйесі. Ақық (сердолик) қондырмасы бар орталық үшбұрышты элемент композицияның негізгі өзегін құрайды. Салпыншақтар ырғақты тік сызықтар түрінде орналасып, тұтас әрі реттелген құрылым қалыптастырады.

Өрнектік жүйесі геометриялық мотивтерге негізделген. Пластиналар мен дөңгелек дискілердің беті үшбұрыш және айқыш тәрізді элементтер басым келетін нақышталған өрнектермен безендірілген. Орталықтағы ақық тас композицияға түстік екпін беріп, оның көркемдік әсерін күшейтеді.

Қозғалмалы элементтер бұйымға ерекше серпін дарытып, қозғалыс кезінде өзіне тән сыңғырлаған дыбыс шығарады. Бұл әшекей Солтүстік Қазақстан зергерлік өнеріне тән қатаң ұйымдастырылған композицияны, ырғақтық құрылымды және терең символдық мазмұнды айқын бейнелейді.