Тұмарша
Тұмарша. XIX ғасыр. Қызылорда облысы. Күміс, алтын жалату, штамптау, зернь, скань. Қазақстан Республикасы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қоры.
Тұмарша, үшбұрыш пішінді салпыншақты тұмар (XIX ғасыр, Қызылорда өңірі)
Тұмарша – мойын мен кеудеге тағылатын қорғаныштық әшекейлер қатарына жататын үшбұрыш пішінді салпыншақты тұмар. Ол қорғаныштық қызмет атқарып, дәстүрлі киім кешенінің маңызды құрамдас бөлігі болған.
Бұйымның құрылымы жоғары бөлігінде орналасқан үшбұрышты тұмар корпусынан тұрады. Корпус бұралма шынжырға бекітілген. Оның төменгі жиегінен бірнеше тік бағыттағы шынжырлы салпыншақтар таралып, жоғарғы элементті көлденең орналасқан төменгі пластинамен байланыстырады. Төменгі пластина сақиналарға бекітілген көлемді тамшы тәрізді салпыншақтар қатарымен толықтырылған. Құрылымның барлық бөліктері қозғалмалы түрде жалғанғандықтан, бұйым икемділігімен және серпінділігімен ерекшеленеді.
Композициялық шешімі тік-осьтік қағидаға негізделіп, үш негізгі бөлікке бөлінеді олар жоғарғы аймақ – үшбұрышты тұмар, ортаңғы бөлік – шынжырлы байланыстар жүйесі, ал төменгі бөлік – салпыншақтармен толықтырылған көлденең пластина. Композицияның орталық осі пішіндердің иерархиялық орналасуы арқылы айқындалады, ықшам жоғарғы бөліктен кеңірек әрі күрделірек төменгі бөлікке қарай біртіндеп дамиды.
Өрнектік жүйесі геометриялық және шиыршық тәрізді мотивтердің үйлесіміне негізделген. Үшбұрышты тұмар корпусының беті шеңберлі және сызықтық өрнектермен безендіріліп, оның ортасына дөңгелек розетка тәрізді сәндік элемент орналастырылған. Төменгі пластина түйіршікті және сопақша медальон тәрізді өрнектерден құралған бедерлі белдеумен көмкерілген. Салпыншақтар скань техникасында орындалып, нәзік ажурлы шиыршық пішіндер түзеді.
Қозғалмалы элементтер бұйымға айқын серпін беріп, қозғалыс кезінде өзіне тән сыңғырлаған дыбыстық әсер туғызады. Бұл тұмарша дәстүрлі қазақ зергерлік өнеріне тән сакралды қызмет пен күрделі сәндік композицияның үйлесімін көрсетеді. Оның пішіні мен өрнектік жүйесі бұйымның қорғаныштық мәнін айқындап, халықтың дүниетанымындағы амандық пен сақтану ұғымдарын бейнелейді.