Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Білезік

Білезік. XX ғасыр. Батыс Қазақстан. Күміс, шыны, алтын жалату, штамптау, скань, зернь. Қазақстан Республикасы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қоры.

Білезік, топсалы манжет тәрізді білезік (XX ғасыр, Батыс Қазақстан)

Топсалы манжет тәрізді білезік – XX ғасырдағы Батыс Қазақстан зергерлік өнеріне тән дәстүрлі қол әшекейлерінің бірі. Ол көлемді салтанатты әшекейлер қатарына жатады және айқын мәртебелік әрі сәндік қызмет атқарған.

Материалы: күміс, алтын жалату, түрлі-түсті шыны. Техникасы: қалыптау (штамптау), бедерлеу (чеканка), (скань, бүршіктеу (зернь).

Бұл тәсілдердің үйлесуі бұйым бетінде күрделі әрі көпқабатты фактура қалыптастырады.

Бұйымның құрылымы топсалы жалғауы мен құлыптау механизмі бар кең цилиндр тәрізді негізден тұрады. Пішіні толық жабыққа жақын болып келеді және білезіктің білекке берік орналасуын қамтамасыз етеді. Мұндай құрылым күрделі техникалық шешімімен ерекшеленетін зергерлік бұйымдарға тән. Бүйір бөліктерінде көлемдік-пластикалық әсерді күшейтетін дөңгелек шығыңқы жапсырмалар орналастырылған.

Композициялық шешімі фриздік қағидаға негізделіп, көлденең бағыттағы бірнеше өрнектік белдеулерге бөлінген. Орталық бөлігін түйіршікті фактурамен көмкерілген ромб тәрізді элементтердің ырғақты қайталануы құрайды. Негізгі көркемдік екпін түрлі-түсті қондырмалармен безендірілген ірі дөңгелек медальондарға шоғырланған. Бұл медальондар жапсырма диск түрінде орындалып, композицияның басты сәндік орталықтары қызметін атқарады. Жоғарғы және төменгі өрнектік белдеулер тұйық жиектік құрылым құрып, бұйым пішінінің тектоникалық тұтастығын айқындайды.

Өрнектік жүйесі геометриялық және солярлық-символикалық мотивтердің үйлесуіне негізделген. Ортасындағы айқыш тәрізді элементтері бар дөңгелек жапсырмалар дәстүрлі қорғаныштық таңбалардың көркемдік нұсқалары ретінде түсіндіріледі. Сканьдау мен бүршіктеу тәсілдерінің қолданылуы бұйымның сәндік байлығын арттырып, жарық түскенде жылтыраған әсер қалыптастырады. Тегіс, алтын жалатылған және бедерлі өңделген бөліктердің өзара контрастылығы әшекейдің көркемдік мәнерлілігін күшейтіп, зергерлік шеберліктің жоғары деңгейін көрсетеді.

Бұл білезік Батыс Қазақстан зергерлік өнеріне тән күрделі құрылымды, бай өрнектік жүйені және мәртебелік мәні жоғары сәндік әшекейлердің көркемдік ерекшеліктерін айқын бейнелейтін құнды үлгілердің бірі болып табылады.